БҚО-да Тәуелсіздік монументі ашылды
Тәуелсіздік саябағында орын тепкен монументтің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов ата-бабаларымыз армандаған азаттықтың қазақ халқына оңайлықпен келмегенін, Елбасының бастауымен Қазақ елі ширек ғасыр ішінде толағай табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Осы орайда елдігіміздің еңсесі биік екендігін паш ететін мұндай ескерткіштердің маңызы ерекше.
Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен орнатылған Тәуелсіздік монументіне аудандық бюджеттен 4,8 млн. астам теңге бөлініп, оны «Прогресс стандарт» ЖШС үш ай мерзімде тұрғызды. Биіктігі 12 метр ескерткіштің қақ ортасында қорған бейнеленсе, ұшар басынан Алтын адамның бейнесі көрінеді. Сондай-ақ мемлекеттік Елтаңба, Ту мен Гимн де қалыс қалмаған.
Жаңақала ауылында бұл күні сондай-ақ салынып біткен тұрғын үйлерге тартылған сыртқы инженерлік желілер жүйесі ашылды. Бұл құрылысқа жергілікті бюджеттен 117,1 млн. астам теңге қаралып, жобаға сәйкес 334 үйге ауыз су, жалпы ұзындығы 32,7 шақырым су құбыры тартылды.
Аудандық мәдениет үйінде Жаңақала ауданының энциклопедиясы мен «Қамыс-Самар-Жаңақала: өткені мен бүгіні» атты тарихи-танымдық жинақтың таныстырылымы болды. Аудан әкімі Лавр Хайретдинов қос кітаптың шығуына атсалысқан аудандық мәслихат хатшысы, ақын Закария Сисенғали мен Алматыдан арнайы келген республикалық «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнеске алғысын білдірді. Аудан тарихы мен танымал тұлғаларына қатысты кітаптар «Арыс» баспасынан бұған дейін де жарық көрген болатын. Осы еңбегі ескерілген Ғ.Әнеске «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тағы бір игілікті іс, тәуелсіздіктің торқалы тойына орай жергілікті қазынадан бөлінген 3,5 млн. астам теңгеге бос тұрған ғимарат күрделі жөнделіп, жаңартылған орында Жаңақала аудандық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Оған қоса «Қазақстан Халық банкі» АҚ жергілікті бөлімшесінің күрделі жөнделген ғимараты және жиһаз жасау цехы да өз есіктерін айқара ашты.