БҚО-да үш жыл бойы алимент төлеуден жалтарған ер адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 3 млн теңгеден астам алимент қарызы бар борышкер ұсталды, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
— 2026 жылғы 6 қаңтарда Бәйтерек аудандық соты алимент төлеуден жалтарған адамға қатысты әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды. Борышкер 2023 жылғы 9 қаңтардан бері алимент төлемей келген. Осы уақыт аралығында оның алимент бойынша қарызы 3 015 447 теңгені құраған, — делінген сот мәліметінде.
Бәйтерек ауданы бойынша биылғы жылы алимент төлеуден жалтару дерегімен бір борышкердің ісі сотта қаралып жатыр, сондай-ақ бір қылмыстық іс тергеу сатысында.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, алимент төлеуден жалтарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 139-бабына сай 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ата-аналарды баланы асырап-бағуға арналған алимент төлемін уақытылы төлеуге шақырады. Себебі әрбір ата-ана өз баласы алдында жауапты.
Бұдан бұрын Қостанай облысында алимент бойынша 72 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.