БҚО-да ұялы байланыс операторларына 25 млн астам теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында барлығы 405 ауыл болса, соның 364-інде немесе 90 пайызында интернет желісі қолжетімді.

ұялы байланыс
Фото: pexels

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевтің мәлім еткеніндей, өңірдегі елді мекендердің басым бөлігінде интернет 4G, 3G, 2G, сондай-ақ талшықты-оптикалық, спутниктік терминалдар және радиокөпір технологиялары арқылы қамтамасыз етілген. Дыбыстық ұялы байланыс 376 ауылда, яғни 93 пайызында бар.

Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылы Билайн және Кселл операторларымен ұялы байланыстың сапасын жақсарту мақсатында 21 ауылға жаңа базалық станция орнатылды.

Оған қоса 202 елді мекеннің қолданыстағы базалық станцияларына 4G стандартына дейін жаңарту жұмыстары жүргізілді. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «...Кейбір шекара және кеден бекетінде сапалы интернет жоқ. Бұл да жұрттың наразылығын туғызады. Осындай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуіміз қажет», деген болатын. Осы ретте 2025 жылы байланыс операторларымен «Сырым» және «Тасқала» автокөлік өткізу бекеттері мобильді интернет желілерімен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда «Ақсай» автокөлік өткізу бекетіне базалық станция орнату көзделуде, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл байланыс операторларымен Орал мен Ақсай қалаларында, сондай-ақ 10 ауылда жаңа базалық станциялар салу, тағы 8 елді мекенде бұрыннан бар станцияларды қайта жаңарту жоспарланған. Бірінші тоқсанда Билайнмен 2, Кселл операторымен тағы екі ауылда базалық станциялар орнатылды. 

Басқарма деректеріне сәйкес байланыс сапасын бақылау мақсатында өңіраралық байланыс инспекциясы биылғы бірінші тоқсанда жоспардан тыс 10 тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде байланыс операторларына 25,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. 2025 жылы жоспардан тыс 21 тексеруден кейін 38,2 млн теңге айыппұл салынған еді.

- 2023 жылы 27 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 949 қаулысымен байланыс саласындағы «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бекітілгені белгілі. Бүгінгі таңда ұлттық жобаны орындау аясында ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісі, облыс орталығына 5G стандартындағы интернет және республикалық автокөлік жолдарын мобильді интернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, - деп қосты Н.Қамашев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 413 елді мекеннің 334-і интернетке қосылғанын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да ұялы байланыс операторлары 13,8 млн теңге айыппұл арқалады.