БҚО-да ұялы байланыс операторлары 13,8 млн теңге айыппұл арқалады

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 405 елді мекен болса, соның 335-і интернетті пайдаланады.

 ұялы байланыс
Фото: pixabay

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, дыбыстық қоңыраулар үшін ұялы байланыс 379 ауылда (93 пайыз) қамтамасыз етілген. 

Нұрғиса Мәлікұлының сөзіне қарағанда, байланыс сапасын бақылау бағытында өңіраралық байланыс инспекциясы биылғы бірінші жартыжылдықта жоспардан тыс 10 тексеру жүргізген. Нәтижесінде байланыс операторларына 13,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 

- Ұялы байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында байланыс операторлары өткен жылы 23 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатты. Биыл Билайн және Кселл байланыс операторлары жаңа базалық станцияларды Орал, Ақсай қалалары мен 28 ауылда орнатып, 71 елді мекеннің қолданыстағы базалық станцияларын жаңарту жұмыстарын жоспарлаған болатын. Күні бүгінге дейін байланыс операторлары Ақжайық ауданында Тегісжол, Бәйтеректе Чинарев, Казталовта Әбіш, Қаратөбеде Шалғын, Тасқалада Тасқала, Теректіде Подстепное ауылы мен «Сырым» және «Тасқала» автомобиль өткізу пункттеріне жаңадан базалық станциялар орнатты, - деді Н.Қамашев.

Оның айтуынша, сонымен қатар 33 елді мекеннің қолданыстағы базалық станцияларына 4G стандартына дейін жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Оған қоса өңірде интернетке кең жолақты қолжетімділікті ұйымдастыру, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу, республикалық автожолдар бойында байланысты қамтамасыз ету бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 413 елді мекеннің 334-і интернетке қосылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар