БҚО-да жаңа мектеп ғимараты іске қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Зеленов ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Озерный ауылында жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

null
Оның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім қатысып, ұстаздар мен мектеп оқушыларын, ата-аналарды Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген осынау қуанышымен құттықтады.

«Елбасымыз жас ұрпаққа білім беру мен өскелең заман талаптарына сай тәрбиелеуді үнемі назарда ұстап келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде жаңа білім ошақтары көптеп салынуда. Соның бірі - Озерный ауылындағы мектеп», деді аудан әкімі Кәрім Жақыпов.

null  

Озерный ауылындағы 48 орындық Киров жалпы білім беретін негізгі мектеп ғимаратының құрылысы биыл жазда қолға алынған болатын. Оны өңірге танымал «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС қысқа мерзімде сапалы салып бітірді. Серіктестік директоры Валентина Михнов білім ордасының бейнелік кілтін мектеп директоры Гүлназ Қалиеваға тапсырды.

null  

Қазіргі кезде іші-сырты бірдей жарқыраған, ыстық, салқын сумен, барлық керек-жарақтармен қамтылған мектепте 44 оқушы білім алса, оларға 17 мұғалім ұстаздық етуде. Сондай-ақ «Балбөбек» шағын орталығында 14 балдырған тәрбиеленуде.

Ауданда осы Киров мектебінің құрылысына биыл 217 млн. теңге бөлінсе, аудан орталығындағы Переметный орта мектебін күрделі жөндеуге 162 млн. теңге, тағы 8 білім ошағын ағымдағы жөндеуге 74 млн. теңге жұмсалды.

Айта кетейік, Орал қаласында салына бастаған қос бірдей білім ордасына және алдағы жылы өңірде құрылысы басталатын тағы екі мектепке 4,3 млрд. теңге қаралып отыр.

Соңғы жаңалықтар