БҚО-да Жайық өзеніндегі судың түсі неге өзгерді – экология департаменті жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде суда көбік пайда болып, жасыл түске боялғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Тұрғынның сөзіне қарағанда, оқиға Көшім ауылы тұсында болған.
- Жайыққа не болған? Жасыл көбікке толып тұр, - дейді тұрғын.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО бойынша экология департаментіне арнайы сауал жолдаған еді.
Департамент басшысы Мұрат Ермекқалиевтің мәлім еткеніндей, мекеменің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары биылғы 10 тамызда бейнежазбада көрсетілген Жайық өзенінің Көшім бөгеті маңына барып, тексеру жүргізді.
Байқалған құбылыстың ықтимал себептерін анықтау мақсатында мамандар зертханалық зерттеулер жүргізу үшін жерүсті су сынамаларын алды.
Зертханалық талдау нәтижелері бойынша зерттелген көрсеткіштер бойынша белгіленген шекті рауалды концентрация нормативтерінен асып кету фактілері анықталған жоқ.
- Тексеру барысында аталған өзен аумағындағы жергілікті балықшылармен де әңгіме жүргізілді. Олардың байқауынша, су түсінің осындай өзгеруі жыл сайын күн ыстық болған кезеңде байқалады және маусымдық сипатқа ие. Сонымен қатар аталған учаске жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты өзеннің ағысы сол тұста баяулайды. Бұл судың тез жылынуына және балдырлардың жиналуына ықпал етеді. Осылайша, ыстық кезеңде судың жасылдау түске боялуы су айдынында жүретін табиғи маусымдық процестерге байланысты болуы мүмкін, - деді М.Ермекқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенуіне байланысты кәсіпорынға айыппұл салынғанын жазған едік.