Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенуіне байланысты кәсіпорынға айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны санитариялық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сапасына өлшеу жұмыстарын жүргізді.
Департамент басшысы Мұрат Ермекқалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағы 5) тармақшасына сәйкес полигонды басқаруға алған «ICM Recycling» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
— Тексеру қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 4-бөлігіне сәйкес қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларға қойылатын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, — деді Мұрат Ермекқалиев.
БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне сәйкес, полигондағы өртті сөндіру жұмыстары жанғыш қалдықтардың көп болуы мен күннің ыстығына байланысты күрделі жағдайда жүргізілді. Қазіргі уақытта «тілсіз жау» толығымен ауыздықталды. Өрттің полигон аумағынан тыс жерлерге және елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенгенін жазған едік.
Сонымен қатар Орал тұрғындары полигон түтінінен тыныс алу қиындағанын айтып шағымданды.