Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны кешеден бері өртеніп жатыр.

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді
Фото: Орал әкімдігі

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, аптап ыстыққа байланысты Зачаган кентінен шамамен 15 шақырым жерде орналасқан полигон аумағында шыққан өрттің жалпы аумағы 12 гектар болды. 

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді
Фото: Орал әкімдігі

Өрт туралы хабар түскен сәттен бастап «тілсіз жауды» оқшаулау және сөндіру жұмыстары дереу ұйымдастырылды. Түні бойы оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары (42 қызметкер мен 11 техника), сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері және 25 техникасы жұмыс істеді.

— Өрт ошақтарына үздіксіз су беріліп, сөндірілген аумақтар топырақпен жабылып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда. Бүгін 49 техника жұмылдырылды. Жағдай тұрақты бақылауда. Өртті толық сөндіру және түтіннің таралуын барынша азайту үшін барлық қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр, — деп хабарлады әкімдіктен.

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Кеше Хан тоғайында да өрт болғандықтан, бүгін таңмен қаланы түтін басты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ормандағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Орал қаласында Хан тоғайы отқа оранды.