БҚО-да жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту 19 пайызға өсіп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту көрсеткіші 52-ден 71,1 пайызға дейін жетіп, 19 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту 19 пайызға өсіп отыр

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, еңбекке қабілетті 394 жазасын өтеушінің 280-ы ақылы жұмысқа тартылған. Соның ішінде 103-і «Еңбек-Орал» РМК-да, 122-сі түзету мекемелерінің шаруашылық жұмыстарында, 55-і басқа ұйымдарда еңбек етуде. Жеке еңбекке 2 адам тартылған.

Облыс прокуратурасының бастамасымен «Еңбек-Орал» РМК, БҚО ІІД, ТЖ департаменті, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арасында темір торлар, аялдама павильондары, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерлер және басқа бұйымдар дайындауға 83,1 млн. теңгеге келісімшарт жасалды.

Сол секілді РУ-170/3 мекемесінің жатақханасында тігін және басқа цехтар ашылып, 41 жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды. Аталмыш мекемеде өндірістік орындар бос болмағандықтан, оған қоса 100-ден астам жазасын өтеушінің жұмыспен қамтылмағандығын ескере отырып, бос жерлерде көкөніс өсіру ұсынылды. Бұрын жазасын өтеушілер 2 сағаттық жұмыс кезінде көгорайды (газон) ғана күтсе, енді өз қолдарымен өсірген өнімдер өздерінің дастарханына қойылмақ. Алғашқы өнім бір аптада дайын болса, тамыздың ортасына қарай молая түспек.