БҚО-да жер комиссиясының шешімдері заңсыз деп танылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының № 2 аудандық сотында азаматтардың аталмыш аудан әкіміне және аудандық жер қатынастары бөліміне қатысты әкімшілік талап қоюлары қаралды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талап қоюшылар жер комиссиясының қорытынды шешімдерін, сол шешімдер негізінде қабылданған әкімдіктің қаулыларын және жалға алу шарттарын заңсыз деп тануды сұраған.
Істі қарау барысында сот жер учаскелерін беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу кезінде ҚР Жер кодексі мен конкурс өткізу қағидаларының талаптары сақталмағанын анықтады.
Соттың қорытындысына сәйкес, конкурс рәсімі барысында өтінімдерді қабылдау, оларды бағалау, конкурс жеңімпаздарын айқындау және шешімдерді рәсімдеу кезінде заң талаптарының бұзылуына жол берілген. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылардың құжаттары тиісті түрде тексерілмеген, ал қабылданған шешімдер жеткілікті дәрежеде негізделмеген.
— Осыған байланысты сот талап қоюларды ішінара қанағаттандырып, жер комиссиясының қорытынды хаттамаларын және солардың негізінде қабылданған әкімдік қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жойды. Сондай-ақ аталған қаулылар негізінде жасалған жер учаскелерін жалға алу шарттары жарамсыз деп танылды. Бұдан бөлек, аудан әкімдігіне заң талаптарына сәйкес жер комиссиясының отырысын қайта өткізуді қамтамасыз ету міндеті жүктелді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы ауылда қос бірдей саябақтың күтімсіз қалғаны рас па, соны жазған едік.