БҚО-да жүк тасымалдаушыларға 6,3 млн астам теңге айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық бақылау бекеттерінде заң бұзушылықтар анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, 8 шілде күні «Тасқала» ветеринариялық бақылау бекетінде Оралдан Ресей Федерациясының Саратов қаласы бағытында 100 кг үйрек етін тасымалдаған жүк көлігі тексерілді.
Сондай-ақ 9 шілде күні «Сырым» бекетінде Ресей Федерациясының Тула облысы, Узловая қаласынан Орал қаласына келе жатқан, 17,6 тонна ірімшік тиеген жүк көлігіне ветеринариялық бақылау жүргізілді.
Құжаттамалық тексеру барысында екі жағдайда да жүктердің ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.
Осыған байланысты жүк көліктері шығу бағытына кері қайтарылып, жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Сонымен қатар жүк тасымалдаушыларға Еуразиялық экономикалық комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» талаптар түсіндірілді.
— Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында осындай 170 заң бұзушылық белгілі болып, 170 автокөлік шығу бағытына кері қайтарылды. 71 жүк тасымалдаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 6 млн 314,5 мың теңге айыппұл салынды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сауда заңнамасын бұзған 100-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.