БҚО-дағы ауылда қос бірдей саябақтың күтімсіз қалғаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында екі саябақтың күтімсіз қалғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың мәлім еткеніндей, бұрынғы аудан орталығы Тайпақ ауылындағы саябақтың қақпасы құлайын деп тұр. Арамшөп өсіп кеткен, қарғаның өлімтігі жатыр. Ескерткіш әбден тозған. Тағы бір сорақысы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова бейнеленген баннерге құстар саңғып кеткен.

- Екі саябақтың да жағдайы сын көтермейді. Қақпасын сыммен байлап тастаған, кіру мүмкін емес. Қақпаны сырлап, адамдар демалатын орындықтар қойып, баннерді жууға болады ғой, - дейді А.Иқсанова. 

Осыған байланысты Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді. 

с
Фото: Ақжайық ауданы әкімдігі

Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, № 1 саябақ Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған мемориалдық нысан болып есептеледі. Негізгі кіреберіс қақпа келушілердің қозғалысын шектеу мақсатында емес, ауыл шаруашылығы жануарларының саябақ аумағына кіріп кетуінің алдын алу үшін жабылған. Осыған байланысты жаяу жүргіншілерге арналған кіреберіс арқылы саябаққа кедергісіз кіруге мүмкіндік жасалған.

Саябақтың санитарлық жағдайын сақтау және абаттандырылған аумақтың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, аумақ қоқыстан тазартылды, шөптері шабылып, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.

в
Фото: Ақжайық ауданы әкімдігі

Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, №2 саябақ қазіргі уақытта уақытша жабық. Бұған дейін ауыл тұрғындарының малдарын саябақ аумағына кіргізіп жаю деректері бірнеше рет тіркелгендіктен, жасыл желектерді сақтау мақсатында демалыс орны уақытша жабылған.

Соған қарамастан, оның санитарлық жағдайын сақтау бойынша жыл сайын сенбіліктер өткізіліп, аумақты шөптен тазарту, ағаштарды әктеу және санитарлық күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

а
Фото: Ақжайық ауданы әкімдігі

Сонымен қатар № 2 саябақ аумағында орналасқан ескі ескерткішті демонтаждау жұмыстары жоспарланған. Себебі аталған ескерткіштің жаңартылған үлгісі № 3 саябақ аумағына орнатылған. Осыған байланысты ескі ескерткішті алып тастау және аумақты қайта абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

- Оған қоса Тайпақ ауылындағы № 1, № 2, № 3, № 4 және № 5 саябақтарға қатысты сот шешіміне сәйкес аталған нысандар иесіз мүлік санатынан шығарылды. Қазіргі уақытта оларды коммуналдық меншікке қабылдау және тиісті теңгерімге алу рәсімдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілуде. Аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін саябақтарды күтіп ұстау, абаттандыру, жөндеу және дамыту бағытындағы жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жасалады. Жарияланымда көрсетілген Хиуаз Доспанованың бейнесі бар баннердің ластануы бойынша тиісті шаралар қабылданды. Баннер жуылып, ретке келтірілді. Жарияланымда көтерілген мәселелер назарға алынып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Қалған мәселелер заңнамаға сәйкес шешілетін болады, - делінген ресми жауапта.

а
Фото: Ақжайық ауданы әкімдігі

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қос қабатты жатақхананың құлағалы тұрғаны рас па, соны жазған едік.