Білім басқармасы қызылордалық түлектерді босқа шығындалмауға шақырды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 25 мамыр күні Қызылорда облысындағы мектептердің барлық сыныбында «Білімім Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өтеді.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 11-сыныптарға арналған салтанатты іс-шара бір мезетке, яғни осы күнгі таңғы сағат 9.00-ге белгіленген. 18 маусымда түлектер аттестатын алады. 9 сыныптағы 16 386 білім алушы қорытынды бітіру емтиханын 29 мамыр мен 11 маусым, 11 сыныптағы 10 317 бітіруші мемлекеттік емтиханды 2-15 маусым аралығында тапсырады.
— Арнайы бұйрыққа сәйкес барлық білім беру ұйымының басшыларына, ата-аналарға сәнді киім-кешекке шығындалудың орынсыз екенін түсіндірдік. Мерекелік дастархан ұйымдастыруға, қалада, қала сыртында жалдамалы көлікпен экскурсия өткізуге, емтихан кезінде дастархан жаюға, сынып жетекшілеріне сыйлық ұйымдастыру сынды әрекеттерге жол бермеу қатаң түрде тапсырылды. Жалпы оқу жылын аяқтау шаралары басқарманың қатаң бақылауында, — деді басқарма басшысының орынбасары Асхат Қанатов.
Мерекелік іс-шаралар кезіндегі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін облыстық полиция департаменті қамтамасыз етеді. Осы күндері 500-ге жуық қызметкер мен 100-ден астам қызметтік автокөлік жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде Қызылорда қаласында 200-ден астам қызметкер және 45 қызметтік автокөлік қызмет атқарады.
— Мектеп бітіру кеші — әр түлектің өміріндегі маңызды әрі есте қаларлық кезең. Алайда, мерекелік көңіл-күй кейбір жағдайларда жауапсыз әрекеттерге ұласып, түрлі келеңсіз оқиғаларға себеп болып жатады. Әсіресе, кортеж ұйымдастыру, жол қозғалысы ережелерін бұзу, көліктің терезесінен шығу, түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзу секілді әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты білім беру ұйымдары аумағында және қоғамдық орындарда күшейтілген профилактикалық жұмыс жүргіземіз, — деді департаменттің басқарма басшысының орынбасары Рауан Әлдешов.
Айта кетейік, биыл мектеп бітіру кешін мейрамхана мен табиғатта өткізуге тыйым салынды.