Блогерлер бір үйді ұтысқа салып, 1,5 млрд теңге пайда табады – депутат заңды қатаңдатуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Уәкілетті органдар елдегі заңсыз лотереядан түскен табысты есептей алмайды және тәркілеу де мүмкін болмай отыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.

Е. Бейсенбаев Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы» заң қабылданғанын атап өтті.
– Соның нәтижесінде, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша, өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лоторея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл салынды, – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Депутат әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатқанын айтты. Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігеді.
Мысалы, оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков «darhanzholshybekov» аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған.
Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын «supermamasitа» аккаунты арқылы Әлия Байтуғаева бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған.
Жалпы оқырмандары 13 миллионды құрайтын «Justking31» және «AminaXO» Instagram аккаунттарының иелері Нұрбек және Әмина Нұртаза зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге қаржы жинаған.
– Қабылданған нормалар заңсыз лотереялар мен онлайн-казиноларға қарсы тиімді жұмыс істеп жатыр. Біз нақты оң нәтижелерді көріп отырмыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушыларын заңсыз лотереялық схемаларға алдап тартқан кейбір псевдоблогерлерге қатысты қоғамдық сын-пікірлерді де құптаймыз. Бұл саладағы қаржылық алаяқтық әсіресе жастар арасында артып келеді. Заң болғанына қарамастан, алаяқтар коммерциялық ұйымдарға сатылымды ынталандыру үшін ұтыс ойындарын өткізуге мүмкіндік беретін заңдағы олқылықтарды пайдаланып жүр, – дейді депутат.
Осы олқылықты инфлюенсер-алаяқтар да пайдаланып, лотереяларды онлайн-курстар арқылы жасырғысы келеді. Мысалы, Астанада Ерболат Жанабыловқа қатысты сот өтіп жатыр. Ол 10 автокөлік пен өзге де сыйлықтар ұтысын ұйымдастырған.
Ұтысқа қатысу ақылы болды: пайдаланушылар «оқыту курстары» үшін 30 000 теңге төлеуі тиіс еді. Алдын ала деректер бойынша, 6 мыңнан астам билет сатылып, жалпы сомасы 180 млн теңге жиналған.
– Уәкілетті органдардың заңсыз лотереядан түскен табысты есептеуге құзыреті жоқ. Бұл қаражатты тәркілеу мүмкін болмай отыр. Сондықтан мұндай схемалардың ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық іс қозғау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабында көзделген табыс шегін төмендету және шараларды қатаңдатуды ұсынамыз. Заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған алаяқтардың қанша қаражат иемденіп, азаматтарды қалай алдағаны туралы толық ақпаратты бірыңғай желіде жинап, жариялап отыру керек. Білім беру орталықтары мен онлайн-мектептер қызметінің ашықтығын арттыруға арналған тетіктер әзірлеп, тұтынушыларға олардың беделі, оқытушылардың біліктілігі және құқықтық тазалығы туралы ақпаратты оңай тексеруге мүмкіндік беру қажет, – деді Е. Бейсенбаев.
Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитетінің органдарын әкімшілік құқықбұзушылық жасаған блогерлердің табыс мөлшері туралы ақпаратты Туризм және спорт министрлігіне беруге міндеттеу ұсынылып отыр.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігі заң бұзған 37 блогердің үстінен іс қозғаған.
Ал Ерболат Жанабылов ісі Қаржылық мониторинг агенттігіне әлі түскен жоқ.