19:15, 04 Маусым 2014 | GMT +5
Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Кеңесі басталды
БОДРУМ. ҚазАқпарат - Бүгін Түркиядағы Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысы басталды. Алқалы жиынға ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысуда.
Бүгінгі отырыстың басты тақырыбы туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету жайы болмақ. Түркі кеңесі хатшылығының хабарлауынша, тараптар «Түркі кеңесі - қазіргі заманғы Жібек жолы» атауымен бірлескен жалпы турпакетін қабылдауға уағдаласқан. Оны дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.
Сонымен қатар, осы сала бойынша бірлескен білім бағдарламалары мен біліктілікті арттыру саласында курстар өткізу бойынша келісім жасалды.
Түрлі бағыттардағы жекелеген секторлардың ынтымақтастығын арттыру үшін Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің аясында туризмді дамытудың іскерлік қауымдастығын құру жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің келесі отырысы 2015 жылы мамыр айында Әзербайжанда өтеді.