19:44, 02 Тамыз 2012 | GMT +5
Бокс: Ғани Жайлауовтың келесі қарсыласы - азулы Куба өрені
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Ғани Жайлауов 1/4 финалда кубалық қабылан Иасниер Толедо Лопезпен күш сынасады.

60 келі салмақтағы жекпе-жек 6 тамызда өтеді. Бүгін жерлесіміз 1/8 финалда Үндістан спортшысы Джай Бхагванға қарсы шығып, 16:8 есебімен басым түскен болатын. Ал 29 шілде күні өткен алғашқы жекпе-жегінде тай боксшысы Сайл Ардиді ұтқаны белгілі.
Айта кетейік, ертең, 3 тамызда Ғанидің туған күні, боксшымыз 27 жасқа толады. Боксшымыз Қызылорда облысы Арай кентінде туған Ғ.Жайлауов халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.
ХХХ жазғы Олимпиадаға жолдаманы өткен жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңіп алды. Ғани Жайлауовтың жаттықтырушысы танымал бапкер Нұрлан Ақүрпеков.