Бокстан әлем чемпионатында Карина Ибрагимова жарыс жолынан шығып қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Карина Ибрагимова (57 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Бокстан әлем чемпионатында Карина Ибрагимова жарыс жолынан шығып қалды
Фото: Қазақстан ҰОК

Отандасымыз ширек финалда польшалық Джулия Шереметамен шеберлік байқасты.

Кездесу барысында қарсыластар бір-біріне көбірек соққы жұмсауға тырысты. Нәтижесінде жеңіс польшалық боксшыға берілді.

Қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы да оңай болған жоқ. 2024 жылы Париж Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған еді.

Карина Ибрагимова 1996 жылы дүниеге келген. 2023 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2018, 2022 жылы қола жүлдеге қол созды.

Ал 2022 жылы Азия чемпионы атанды.

Бүгін ел құрамасынан Алуа Балқыбекова (51 келі), Махмуд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Виктория Графеева (60 келі), Елдана Талипова (80 келіден жоғары) жартылай финалға шықса, Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Сағындық Тоғамбай (90 келі) жарыс жолын аяқтады.

Енді ел құрамасынан Аида Әбікеева (65 келі), Гүлсая Ержан (80 келі), Бибарыс Жексен (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.

Соңғы жаңалықтар