Бокстан әлем чемпионатында қазақстандық сегіз боксшы финалда сынға түседі

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Наталья Богданова (70 келі) финалға шықты. 

окстан әлем чемпионатында қазақстандық сегіз боксшы финалда сынға түседі
Фото: Қазақстан ҰОК

Отандасымыз жартылай финалда англиялық Шантель Ридпен қолғап түйістірді.

Бірінші және екінші раундта англиялық боксшы 3:2 есебімен басым түсті. Үшінші раунд Натальяның басымдығымен аяқталып, финалға жолдама алды.

Осылайша отандасымыз ел құрамасынан финалға берілген сегізінші жолдамаға қол жеткізді.

Наталья Богданова 1999 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін әлем чемпионатында қола алса, 2022 жылы Азия ойындары үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (48 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі) финалға жолдама алған еді.

Сондай-ақ ондай мүмкіндікке 12 қыркүйекте Аида Әбікеева (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) ие болды.

Ал Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар