Бокстан әлем кубогының жартылай финалына қай елдер шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші кезеңінде жартылай финалға қай елден қанша боксшы шыққаны белгілі болды.
Дүбірлі додаға алғашқыда 44 мемлекет қатысуға ниет білдірген еді. Олардың арасынан 23-і былғары қолғап шеберлерін аттандырды. Біздің елімізден беделді бәсекеге 17 спортшы барды.
Енді жартылай финалда Қазақстан құрамасынан 8 боксшысы (5 әйел, 3 ер) ертең шаршы алаңға шығады.
Жарыстың аталған сатысында Өзбекстан 11, Қытай - 9, Қазақстан мен Франция - 8 үздігіне үміт артса, одан кейінгі орындарда Үндістан мен Польша - 6, Англия мен Бразилия - 4, Әзербайжан мен Италия - 3, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Иордания, Испания - 2 спортшысына сенім білдіреді.
Ал жартылай финалда Аустралия, Германия, Канада, Иран, Мексика, Тайпей, Таиланд және Молдовадан 1 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.