Болашақ құтқарушылар Көкшетауда тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап флешмоб өткізді
Флешмобқа аталған білім ордасында оқып жатқан 400-ден астам курсант пен оқытушылар құрамы қатысты. Шара барысында курсанттар саптық даярлық, сап түзеу және әскери әндерді орындап, саптық жаттығуларын көрсетті.
Шараның мақсаты - Көкшетау техникалық институтында білім алып жатқан курсанттарға патриоттық тәрбие беру, болашақ офицерлер ретінде адалдық сезімін, еңбек және ұлттық салт-дәстүрлерді қалыптастыру, ел тәуелсіздігінің 25 жылында қол жетістірген жетістіктерін насихаттап, жастардың көзқарастарымен халыққа жеткізу болып табылады.
Осы орайда, шараға жиналғандар алдында сөз сөйлеген Көкшетау техникалық институтының басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Сырым Шәріпханов ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай келе, еліміздің болашақ өрт сөндірушілерін тәрибелеуде аталған білім ордасының рөлі жоғары екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Көкшетау техникалық институты Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі саласында білікті маман-кадрлық офицерлер даярлайтын жалғыз арнайы оқу орны болып табылады. Биыл аталған оқу орнына 175 талапкер қабылданса, оның 37-сін ҚР ІІМ ТЖК Ресей және Беларусь елдеріндегі жоғары оқу орындарына жіберілді. Жалпы, аталған жоғары оқу орнының курсанттары өрт қауіпсіздігі саласы бойынша төрт жыл білім алған соң офицер атанып, еліміздің кез келген жеріндегі өртке қарсы қызметке орналаса алады.