«Болашақ» стипендиясы мен ғылыми тағылымдама иегерлерінің есімі белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының иегерлері жарияланды.
Республикалық комиссияның шешімімен Қазақстанның 184 азаматы «Болашақ» стипендиясының иегері атанды: 137 азамат магистратурада, 10 азамат докторантурада білім алады, ал 37 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 51 қазақстандық ғалымға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.
— Біз үшін «Болашақ» — шетелде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес. Бұл — адам капиталына және Қазақстан экономикасының болашағына салынған инвестиция. Біздің міндетіміз — елге озық білім мен құзыреттер аса қажет бағыттар бойынша мамандар даярлау. Атап айтқанда, атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика, биотехнология және басқа да жоғары технологиялық салалар, — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының иегерлері тізімін мына жерден көруге болады.
Еске салайық, бұған дейін магистратура бойынша 2026–2027 оқу жылына арналған білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланғанын хабарлағанбыз.