«Болашақ» түлектерінің орташа жалақысы 400 мың теңгеден жоғары болып отыр - вице-министр

Оның мәліметтері бойынша, 1994 жылдан бері «Болашақ» стипендиясын 11 727 адам алды. Олардың ішінде 1667 адам өнеркәсіп саласынан, 1694 адам білім және ғылым саласынан, 1394-і ақпараттық технологиялар, 619 медицина саласынан орын тапса, 400-ден астамы мемлекеттік қызметкер және басқа да қызметтерге орналасты.
«Енді біз стипендианттардың сапалық құрамы мен жетістіктерін айтатын болсақ, «Болашақ» түлектерінің 503-і мемлекеттік құрылымдарда, ұлттық компанияларда, денсаулық сақтау ұйымдарында жоғары басқарушылық буындарда қызмет етуде. Олардың қатарында 4 вице-министр, 5 облыс және қала әкімдері, 3 облыс немесе қала әкімдерінің орынбасарлары, сонымен бірге 81-і мемлекеттік ұйым және мекеменің басшысы, ұлттық компаниялар мен банктердің бөлімшелерінің 106 бірінші басшысы мен басқарма мүшелері және 246 жеке ұйым басшылары бар. Осы түлектердің 20 пайыздан астамы бүгінгі таңда өңірлерде жұмыс істеп келе жатыр», - дейді ол.
Т.Балықбаевтың сөзіне қарағанда, министрлік түлектердің жұмысқа орналасуын жіті бақылап келеді.
«Біз осы бірнеше жыл бойы түлектердің жұмысқа орналасуын, жалпы деңгейін бағалаудамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, түлектердің 99,4 пайызы жұмысқа орналасты. Сонымен бірге орташа жалақыларын есептеп көрсек, бүгінгі таңда «Болашақ» түлектерінің орташа жалақысы 400 мың теңгеден жоғары болып отыр. Осының барлығы «Болашақтың» нәтижелілігін, жеткен жетістіктерін көрсетіп отырады», - деп атап өтті вице-министр.