Болашақ ұрпақ біздің орасан зор жетістіктерімізді мақтан тұтады - Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда қойылған мақсатттарға қолдау жасап отырған қазақстандықтарға алғысын айтты. Бұл туралы бүгін Астанада Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Қазіргі кезде жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауды қоғамда белсенді талқылаулар жүріп жатыр. Мемлекет және қоғам алдында қойылған мақсат-міндеттер кеңінен қолдау тауып отырғанын көріп отырмын. Осы орайда халқымызға ерекше ризамын», - деді Президент.
Президент тұрақты экономика, тұрақты саясат, тұрақты қоғам еліміз әрдайым үздіксіз жүргізіп отырған бағыт екенін атап өтті. «Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздің сіздермен орасан зор жетістіктерімізді лайықты түрде бағалап, мақтан ететініне еш күмән жоқ», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жасалған шешімдердің даналығын, дұрыс іс-қимылдарды, кез келген қиындықтарға мойымау секілді қайсарлықты үлгі ететінін атап өтті.
«Бізде бір тарих бар - ол жетістік пен гүлдену тарихы. Тәуелсіздік күнімен, құрметті отандастар!» - деп түйді Н. Назарбаев.