Болашақ жобалардың мамандықтарға деген қажеттілігін зерттеп, жаңа мамандықтардың тізімін жасап, оқу орындарын алдын ала бейімдей беру керек - Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің төрағасы Қ.Бөрібеков
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде инновацияның қарқын алуы соншалық, бұрын болмаған жұмыс орындары ашылып, ертеректе естімеген мамандықтар пайда болуда. Осыдан 5 жыл бұрын Apple және Google сынды компанияларда жаңа мамандықтар пайда болатынын бүгінгі заманауи деген білім жүйелері білген жоқ. Сондықтан кадрларды даярлаудың бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеуге бизнес қауымдастық тең араласуы қажет, бизнес, мемлекет және колледждер әріптестігінің орнықты құқықтық және экономикалық тетіктері болуы шарт.
Осы тақырып бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің төрағасы Қадірбек Бөрібеков мырзамен әңгімелескен болатынбыз.
- ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында білім беру саласына үлкен мән берді. Соның ішінде мемлекеттік-инновациялық серіктестіктің жолға қойылуын, жаңа формациядағы жас мамандарды даярлауды тапсырған болатын. Осы тұста ҚР Білім және ғылым министрлігі қандай шараларды қолға алып жатыр? Адами ресурстарды дамыту саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тұжырымдамасының жобасы жасалғаны жөнінде де естідік.
- Иә, Елбасымыз Н.Назарбаев кадрларды даярлаудың бірыңғай мемлекеттік саясатын әзірлеу үдерісін бірлесіп бекіту қажеттігін атап өткен болатын. Мұнда барлық тараптар, барлық кезеңдерде шешім қабылдауға тең қатысуы керек деп есептейміз. Бұл үшін барлық тараптардың мүдделерін, міндеттерін және жауапкершіліктерін айқындау қажет. Осыған орай адами ресурстарды дамыту саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тұжырымдамасының жобасы ұсынылуда.
Енді соның аясындағы реформаларға тоқталсақ. Біз келешекте мемлекеттік кәсіби білім жүйесіне бизнестің менеджментін, басқару үрдісін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл - кадрларды басқару және олардың сапасын жақсарту мақсатында қолға алынатын шаралардың бірі. Жалпы бизнестің қатысуынсыз еш уақытта өндіріске қажетті, өндірістік талаптарға сай мамандарды дайындау мүмкін емес. Мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жекеменшік кәсіпорындардың бірлесіп, жұмыс жасауы - қазіргі заманның талабы. Бизнес қауымдастық қандай бағыттарда қатыса алады?! Жақында ғана «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң қабылданды. Ол бойынша, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен, басқа да құқықтық қатынастар субъектілерімен өзара байланыс тәртібі реттеледі. Қабылданған заңның арқасында кәсіпкерлік субъектілерін шоғырландыру, мемлекеттік экономикалық саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру арқылы бизнес мүддесінің ескерілуі қамтамасыз етілмек. Кәсіптік білім саласында колледждерде оқитын жастарға мемлекеттік тапсырысты құрау жекеменшік серіктестік негізінде жасалады. Яғни, кәсіпкерлер өндіріске қандай маман керегін айтып отырады. Мемлекет болса, сол тапшы мамандықтарға білім беру тапсырысын береді. Сосын оқу орындарының материалдық базасын заманға сай құруға да өндірістер тартылады. Мысалы, ірі компаниялар колледждерге арнап жаңа технологияларды енгізу ресурстық орталықтарын салуда. Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Астанада Жаңа технологияларды енгізу орталығын құрды. Бұл орталық арқылы біздің колледждерде оқып жатқан болашақ теміржолшылардың барлығы диплом алдындағы тәжірибелік-өндірістік жұмыстарын өткізеді де, бірден өндіріске көшіп кете алады. Осындай тәжірибе еліміздің ұлттық компаниямыздың бірі «Қазақмыста» да осындай екі орталық бар. Оған қосымша Кентау қаласындағы трансформатор зауытында орталық ашылды. Бұның барлығы - кейінгі екі жылдың ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аясында жасалып жатқан игі шаралар.
Сонымен қатар 2014 жылдан бастап, жыл сайын оқу-зертханалық базасы жаңартылған жоғары оқу орындарының үлесі 10 пайызға артып отырады. Білім беру орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға арналған қаражат мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің негізінде тартылатын болады.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шаралары осы міндеттерге қол жеткізуге бағдарланған. Бүгінгі күні қолда бар барлық ресурстар осы мақсатта шоғырландырылып, ең үздік отандық және халықаралық сарапшылар іске тартылды.
- Жақында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «жаңа, болашақ мамандықтарға дайындай бастау керек деп» айтып кетті. Біз, мысалы, бүгін қандай мамандықтар пайда болатынын білген жоқпыз. Осыны болжайтын жүйе пайда болды ма? Инновациялық бизнеспен қарым-қатынас орната отырып, жасалатын іс қой бұл?
- Біздің елде қабылданған Үдемелі индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2015-2020 жылдарға арналған екінші бесжылдығының аясында мүлдем жаңа өндіріс орындары ашылады. Сол өндірістерде біліктілік талаптары жаңа мамандықтар пайда болады, бізге сол мамандықтарға алдын ала дайындау керек. Келешек жобалардың мамандықтарға қажеттілігін зерттеп, бүгінгі уақытта оқытылып жатқан мамандықтар тізімін қайта қарау мәселелері қолға алынады. Жұмыс берушілерімен бірге оқу жоспарларын, біліктілік талаптарын жасап шығару қажеттілігі туындап отыр. Болашақ жобалардың мамандықтарға деген қажеттілігін зерттеп, соның негізінде жаңа мамандықтардың тізімін жасап, оған оқу орындарын алдын ала бағдарлап, бейімдей беру керек. Яғни, инновацияларды енгізуде қандай құзыреттер қажет болатынын зерттеуіміз тиіс. Мысалы, Ресейдегі Сколково бұл үшін «Құзыреттер-2030» үлкен форсайт жобасын іске асыруда. Кәсіптер бойынша қажеттіліктер болжамын құру үшін экономикалық қызмет түрлері, белсенділігі, кәсіптер бойынша жұмыспен қамтылғандардың мемлекеттік статистикасын енгізу қажет.
- Мемлекеттік білім беру жүйесіне отандық компаниялар тарапынан қаншалықты белсенділік бар? Жалпы бұл іске кімдер қол ұшын беріп жатыр, ел білсін оларды, өзге кәсіпорындар үлгі алсын?
- Кейінгі екі жылда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жақсы жұмыс жасап жатыр. Әсіресе, Германияның бизнеспен бірлесе отырып оқытудың ең алдыңғы қатарлы деген жүйесі - дуалды оқыту жүйесін енгізуге үлкен көмегін беруде. Жаңағы айтып кеткен «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақмыс» - осылардың барлығы өз үлестерін қосып жатыр. Соның негізінде кейінгі жылдары 2008 жылы бүкіл еліміз бойынша оқу орындары мен жұмыс берушілердің арасындағы қол қойылған келісімшарттардың саны 8 мың болса, бүгінгі күні 22,5 мың болып отыр. Осының барлығы - бизнестің белсенді араласуының арқасы.
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, жылына 28 мың түлек жұмыссыз ретінде тіркеледі екен. Оның басым бөлігі еңбек нарығында сұранысқа ие емес немесе инновациялық талаптарға сай қажет емес болып қалған мамандықтар бойынша диплом алғандар. Оларды қайта даярлау, яки заманға сай мемлекеттік білім беру тапсырыстарымен жаңадан оқытып шығару жоспарда бар ма?
- Жылына орта мектепті бітірген түлектердің 40 пайыздайы жоғары оқу орындарына, колледждерге түседі. Солардың ішінде не оқуда, не жұмыста жоғы 8 мыңдай жас жылда қалып қояды. Одан кейін 15 мыңдай жастарды жергілікті басқару органдары 11-сыныптан кейін барлығы жұмыс жасап жатыр деп біздің орталыққа ақпарат береді. Олар қолында мамандықтары жоқ, қандай жұмыс жасап жатыр, біз білмейміз. Сосын ақылы оқуға түскендер ақшасынан қиналып, біраз бөлігі оқудан шығып қалады. Олар жұмыссыздардың тобына келіп қосылады. Солардың жалпы саны жылына 28-30 мың болып тұр. Сондықтан осы жақында Үкіметтің отырысында осы мәселені біздің министр көтерді. Қосымша мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуды, солайша жастарды қолдауға ұсынды. Биылғы жылдан бастап, «Жұмыспен қамту», «Жол картасы» бағдарламалары негізінде, республикалық бюджет есебінен қосымша 10 мың жасты мемлекеттік білім беру тапсырысымен оқыту мәселесі қаралады. Жалпы үш жылда 11-сыныпты бітірген жастардың барлығын кәсіптік оқытумен қамту жоспарланып отыр.
- Қазақстанның білім беру жүйесіндегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік үлгісі қай елдің тәжірибесі негізінде жасалды?
- Жалпы кәсіптік білім саласын дамыту, кәсіпкерлік, бизнес саласымен тығыз жұмыс жасау үрдісін халықаралық форумдарда жан-жақты талдап, шетелден білікті сарапшыларды шақырып, осы салада шолу жасап жүрген халықаралық еңбек ұйымдарымен, ЮНЕСКО, Еуропалық білім қорымен бірге талқылаудамыз. Солардың бүгінгі күні нәтижесін беріп жатқан озық тәжірибелерді пайдаланып, біздің өзіміздің қазақстандық жолымызды, бағдарымызды белгілеп, жұмыс жасап жатырмыз. Бірінші кезекте - мамандар даярлау саласына бизнесті басқару жүйесін алып келу. Оқытылып жатқан әрбір жас болашақта сол бизнеске барады. Олар заман нарығының талабына сәйкес болулары қажет. Жұмыс беруші біліктілік жүйесінде мамандарды қандай деңгейде дайындау керек, қандай дағдыларды меңгеруі қажет екендігін бізден гөрі жақсы біледі. Негізінен осындай озық тәжірибе Германияның, Ұлыбританияның, Оңтүстік Кореяның, Сингапур сынды алдыңғы қатарлы, экономикасы дамыған адами ресурстарды дамыту үлгілерінен қарап жасалуда.
- Сұхбатыңызға көптен-көп рахмет!