Боливиядағы нөсер жауыннан кейінгі су тасқыны: қаза тапқандар бар
АСТАНА. KAZINFORM – Боливияда толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынының кесірінен кемінде 20 адам қаза тапты, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Боливияның азаматтық қорғаныс жөніндегі вице-министрі Альфредо Троченің жергілікті БАҚ-қа мәлімдеуінше, Санта-Крус қаласында Пирай өзенінің арнасынан асып кетуіне байланысты ірі су тасқыны орын алған. Табиғи апат салдарынан 20 адам көз жұмып, көптеген тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Альфредо Троче іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтып, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Өз кезегінде Боливия президенті Родриго Пас өңірдегі ахуалды тұрақты бақылау мақсатында Дағдарыс және мониторинг орталығын құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Президент сондай-ақ Эль-Ниньо мен Ла-Нинья климаттық құбылыстарының салдары әлі де сезіліп отырғанын атап өтіп, алдағы үш-бес айда нөсер жауын-шашын жауып, кейін қуаңшылық болуы мүмкін екенін ескертті.
Билік өкілдері қаза тапқандар саны артуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Алдын ала бағалау бойынша, су тасқынынан келген материалдық шығын көлемі бірнеше миллион долларды құрайды.
Бұған дейін Мароккода да нөсер жаңбырдан кейінгі тосын су тасқыны салдарынан 37 адамның қаза тапқаны хабарланған.