Бөтеннің мүлкін иемденіп кеткен алаяқ сотты болды
Ол 2010 жылдың 10-тамызында бөтен мүлікті сенімге қиянат жасау арқылы ұрлап, алаяқтық жасау мақсатында Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев көшесінің бойында жәбірленуші А.Алиевамен танысып, онымен әңгіме барысында пластикалық терезелер орнатумен айналысатындығын айтып, ақыға пластикалық терезелер орнатып беруге келісімге келген.
Жәбірленуші А.Алиеваның үйіне 25 тамызда үш дана пластикалық терезені 40 мың теңге орнатып беріп, оның туысы Л.Пазыловаға да пластикалық терезелер орнату үшін терезе өлшемін алып, «терезелерді орнату үшін құрылыс материалдарын сатып аламын» деп алдап, А.Алиевадан 45 мың теңге ақша алған.
Содан соң 2010 жылдың 13-қазанында жәбірленуші А.Алиеваның үйіне қайтып барып, «пластикалық терезелер жасауға құрылыс заттары жетпей жатыр» деген сылтаумен, одан тағы да 21 мың теңге ақша алып, оны бас пайдасына жаратып, жәбірленушіге 66 мың теңгелік мүліктік залал келтірген.
Осы факті бойынша Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Е.Жүнеровке қарсы бөтен мүлікті сенімге қиянат жасау арқылы ұрлап, алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 177-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғап, нәтижесінде Қызылорда қалалық сотының үкімімен ол тағылған айыппен кінәлі деп танылып, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа жіберілді.