Каспийдегі 9 әскери қызметшінің қазасы: үкіметтік комиссия құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
— Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді, — делінген хабарламада.
Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.
Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші кеткен. Қазіргі уақытта олардың тоғызы қаза болғаны белгілі.
Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Қорғаныс министрлігінің комиссиясы оқиға орнына шұғыл аттанды. Комиссияға Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басшылық етеді.
Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Бас прокуратураның мәліметінше, жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.