Бозымбаев өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартатын шараларды атады
АСТАНА. KAZINFORM – 2028 жылы өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 69,2 пайызға жетеді. Бұл туралы Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
- Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі - өңірлердің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Үкімет Өңірлік дамудың 5 жылдық тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжат өңіраралық диспропорцияларды қысқартудың және өңірлердің әлеуетін ашудың негізгі тәсілдерін белгілейді. Тұжырымдама аясында 5 макроөңірлерге ерекше назар аударылып жатыр. Олардың географиялық орналасуы, экономикалық мамандануы және нарықтық байланыстарына сәйкес дамытудың негізгі бағыттары айқындалды, - деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, инфрақұрылымдық объектілерге қол жеткізудегі өңірлік диспропорцияларды қысқарту үшін жаңа Өңірлік стандарттар жүйесі қабылданып, оның талаптары Бюджет кодексіне енгізілді.
- Атап айтқанда, неғұрлым артта қалған өңірлерге басым түрде қолдау көрсетіледі. Мысалы, бүгінгі таңда жоғары көрсеткіштерге ие өңірлер мен кейбір өңірлер арасындағы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейіндегі алшақтық 1,5 есе болды. Сәйкесінше жалпы сипаттағы даму трансферттері кейін қалған өңірлердің мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылды. Нәтижесінде 2028 жылы қорытындысы бойынша инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 5,1 пайызға өсіп, 69,2 пайызға жетеді. Жалпы, айтылған шаралар өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.