Бозжыра шатқалында визит орталықтың құрылысы аяқталды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысындағы бірегей табиғи нысан – Бозжыра шатқалы аумағында туристерге арналған визит орталықтың құрылысы аяқталды. Жоба осы айда іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, танымал туристік орында тағы екі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

в
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Айта кетейік, Бозжыра шатқалы - әлем жұртшылығын тамсандыратын ерекше табиғи мекендердің бірі. Сондықтан өңірде туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.

Мамандардың айтуынша, бүгінде шатқал шетелдік саяхатшылар арасында кеңінен танымал. Мұнда Италия, Франция, Қытай, Жапония, Таиланд елдерінен келген туристерді көп кездестіруге болады. Оларды әсіресе миллиондаған жылдар бойы жел мен судың әсерінен қалыптасқан борлы таулар мен ерекше ландшафт қызықтырады.

Францияның Ренн қаласынан келген турист Гүлвен Жугон сүйіктісімен бірге үш айдан бері әлемді аралап жүр. Өзбекстаннан кейін Маңғыстауға келген олар Бозжыра шатқалынан ерекше әсер алған.

в
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Маңғыстауға келгенімізге бес күн болды. Мұндағы халықтың тұрмыс деңгейі жоғары, өңір экономикасы жақсы дамыған. Қызмет көрсету саласы мен қонақ үйлер де жақсы деңгейде. Ал табиғаты тіпті таңғажайып. Бозжыра – өз алдына бөлек әлем, нағыз картина іспетті, - дейді француялық турист Гүлвен Жугон. 

Ал Астана қаласынан арнайы келген турист Динара Төлемісова да шатқалдың сұлулығына тәнті болғанын айтады.

- Атақты Бозжыра шатқалын көру үшін арнайы келдім. Расында да, өте әдемі жер. Маңғыстау қасиетті орындар мен ерекше ландшафты аймақтарға бай өңір екен. Құрбым екеуміз үш күннен бері тарихи жерлер мен табиғатты тамашалап келеміз, - дейді Астаналық турист.

в
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Бозжыра шатқатында туристерге жағдай жасау үшін алғашқы визит орталықтың құрылысы аяқталды. Жоба жетекшісі Әсет Шәмбіловтың айтуынша, абаттандыру жұмыстарын аяқтап, орталықты осы айда іске қосу жоспарда. 

- Бұл жерде туристерге бағыт-бағдар беріледі. Білесіздер, Бозжыра шатқалы орналасқан аумақ кезінде мұхиттің түбі болған. Акулалардың тістерін қойып, шағын мұражай жасаймыз. Сонымен қатар, тамақтануға да болады. Күніне 50 - 60 адамға қызмет көрсете аламыз. Орталық шатқалдан 18 шақырым қашықтықта, негізгі жолдың бойында орналасқан, - дейді жоба жетекшісі Әсет Шәмбілов. 

Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ғинияттың мәліметінше, Бозжыра шатқалында тағы екі жоба жүзеге асырылып жатыр. 

в
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

- Бозжыра шатқалында 2025 жылдан бастап 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Көлемі 3 миллиардқа жуық инвестиция жұмсалуда. Жаңадан алпысқа жуық жұмыс орны ашылады. Үлкен визит орталықтар, этнокафелер мен мейрамханалар ашу жоспарда. Жалпы облыста туристерге қызмет көрсету саласы дамып келеді. Былтыр 20 миллиардтан астам соманың қызметі көсетілді, - дейді Нұрсұлтан Ғиният.

Былтыр Маңғыстау облысына 420 мың турист келген. Оның 380 мыңы – Қазақстан азаматтары, ал 44 мыңға жуығы – шетелдіктер. Мамандардың айтуынша, туристердің басым бөлігі Бозжыра шатқалын көруге арнайы барады.

Бұған дейін, Маңғыстаудағы Бекет ата және жерасты мешіттерінің тарихы туралы жазған болатынбыз.