Бір адам мәслихат төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды — заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Бір адам мәслихат төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды — заң
Фото: Ақорда

Заңның мақсаты — жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық негізін нығайту, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Заңмен Қазақстан Республикасының 7 кодексіне және 19 заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі. Түзетулердің бірінші блогы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне қатысты.

— Атап айтқанда, мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіледі. Оларға әкімдердің халықпен кездесулері барысында көтерілген мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарларын жүзеге асыру қорытындыларын қарау, бюджет комиссияларының жұмысына қатысу, елді мекендерді санитарлық тазалау қағидаларын бекіту, сондай-ақ тексеру комиссияларының төрағасы мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану құқығы беріледі. Сонымен қатар, мәслихат төрағасы мен мәслихат аппараты басшысы өкілеттіктерінің аражігі ажыратылады, мәслихат депутаттарының сауалдарына жауап беру мерзімдері отыздан он бес күнге дейін қысқартылады, жергілікті қоғамдастық жиналыстарының өкілеттіктері кеңейтіледі. Бір тұлғаның бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан мәслихатының төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды, — деді сенатор Серік Шайдаров.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін нығайту мақсатында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджеттеріне қосымша кіріс көздерін беру ескерілген. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығынан түсетін түсімдерінің бір бөлігі, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымдар, сондай-ақ жекелеген экологиялық айыппұлдардың жекелеген түрлері беріледі.

Түзетулердің келесі блогы жер қатынастары мен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру тетіктері жетілдіріледі, қоғамдық талқылаулар өткізу тәртібі нақтыланады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы процестерді цифрландыру жалғасады.

— Жекелеген түзетулер тұрғын үй қатынастарын жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, жалғыз тұрғын үйі апаттық деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері нақтыланады. Сонымен бірге, атқарушы органдар оңалту рәсімінен өтіп жатқан коммуналдық меншіктегі жекелеген энергия өндіруші ұйымдарды субсидиялауды жүзеге асырады, — деді депутат.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласында қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануды реттейтін ережелер, сондай-ақ суррогат ана болу мәселелері нақтыланады.

Сондай-ақ құжатта мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың жекелеген құзыреттерін облыстық деңгейден аудандық және облыстық маңызы бар қалалар деңгейіне беру көзделеді. Осыған байланысты Бюджет кодексіне мектепке дейінгі және орта білім беруге арналған тиісті шығыстарды облыстық деңгейден аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар деңгейіне қайта бөлу көзделіп отыр

— Өздеріңізге белгілі, Құрылыс кодексінде «толық бітіріп берілетін» жобалары ұғымы енгізілген. Осыған байланысты осындай жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындауға қатысты бюджет заңнамасының жекелеген ережелері нақтыланады, — деді сенатор.