Бір аптада өзбекстандықтар 2,9 млн доллардың газы мен электр қуатын заңсыз пайдаланған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өткен аптада Өзбекстанда газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланудың 92 фактісі анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

«Өзэнергоинспекцияның» ақпаратына сәйкес, қамтылып отырған аралықта 1,8 млн текше метр көгілдір отын заңсыз пайдаланылып, салдарынан 5,45 млрд сум (шамамен $420 мың) залал келді.
Сонымен қатар электр энергиясы жүйесіне заңсыз қосылған тұрғындар мемлекетке 32,45 млрд сум (шамамен $2,5 млн) шығын келтірді.
Анықталған фактілер негізінде 126 әкімшілік хаттама толтырылды. Толық мән-жайды анықтау үшін іске қатысты барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды.
Еске салайық, былтыр газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн шығын келтірген еді.
Ал биыл қаңтар-ақпан аралығында өзбекстандықтар 25 млн доллардың газын заңсыз пайдаланған.
Сондай-ақ, биыл Өзбекстанда электр жүйесіне заңсыз қосылған майнинг ферма $138 мың шығын келтірді.
Қоса кетсек, Өзбекстан газ өндірісін ұлғайту мақсатында биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.