Бір ауылдың тұтқасын ұстауға мүмкіндік берген халыққа алғыс айтамын — Жанна Абденова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жанна Абденова былтыр Шетырғыз ауылдық округіне әкім болып сайланды. Округке Тұмалыкөл және Қаратоғай ауылдары кіреді. Соңғы жылдары мұнда ішімдік сатылмайды, ауылда қылмыс та тіркелмеген. Агенттік тілшісі жас әрі нәзік жанды әкімнің бұл жолды қалай таңдағанын, алдағы жоспарын сұрады.

Ж. Абденованың жеке мұрағатынан
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан
Жанна Абденова
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан

— Ақтөбе облысы бойынша аудан әкімдері арасында әйел басшы жоқ. Дегенмен, ауылдарды басқарып отырған бірнеше әкімді білеміз. Ал сіз әрі жассыз, әрі бұрынғыдай тағайындалмай, сайлау арқылы өттіңіз. Алдымен сөз басын таныстықтан бастасақ…

— Мен 1989 жылы қазанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келдім. Қазіргі № 1 мектеп-гимназиясын бітірдім. 2010 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен эколог мамандығын алып шықтым. Кейін Шалқар ауданындағы № 5 қазақ-орыс мектебінде екі жыл мұғалім болып жұмыс істедім. 2013 жылы Шалқар аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы болып тағайындалдым. Сонымен бірге 2021 жылы ауданда жетінші шақырылымның мәслихат депутаты болып сайландым. Жастар ресурстық орталығында он жыл бойы жұмыс істеп, елді мекендерде сайлау болғанда өзім ұсыныс беріп, халықпен кездестім. 2023 жылдың 12 ақпанында Шетырғыз ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Шетырғыз ауылдық округі Шалқар ауданынан 140 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда Қаратоғай және Тұмалыкөл ауылдары қарайды. Биыл әкім болғаныма 1 жыл толды. Ата-анам жанымда, олар ауылға келіп тұрады. Өзім мемлекеттік қызметкерге арналған үйде тұрамын. Тұрмыс құрмадым.

— Әкім болып сайланған кезіңізде тұрғындар алдымен қандай мәселелерді көтерді?

— Біздің ауылда теміржол жоқ. Сондықтан тұрғындар тасжолдың болғанын қалайды. Ең болмаса қысы-жазы күтіп ұстап, тазартып, уақтылы қырып тұруды ұсынды. Сонымен бірге емдеу орны болмады. Биыл Қаратоғайда медициналық пункт құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Былтыр Тұмалыкөлде спорт алаңы салынды. Биыл Қаратоғайда балалардың ойын алаңы салынады. Қазіргі кезде құрылыс орнын ауыл боп таңдап жатырмыз.

Сондай-ақ мен сайланған жылы «Ауыл аманаты» жобасы іске асты. Сол жоба адамдардың кәсіп бастауына септігін тигізді. Бірі кондитерлік цех ашса, екіншісі тауық асырып, жұмыртқасын сатуға шығарды. Сонымен бірге мал сатып алу, бағу бағытында несие берілетені туралы айтылды. Ауылда 7 жоба ұсынылды. Оның екеуі қазірдің өзінде қолдау тауып тұр.

Жанна Абденова
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан

Тағайындалмадыңыз, сайландыңыз. Өз бастамаңызбен қандай ұсыныс айттыңыз және ол қолдау тапты ма?

— Ауыл әкімі болып сайланған соң алға жоспар құрылады. Жұмысқа келіп, бос отырып кету деген болмайды. Қазақ жерінің бір ауылының өсіп, өркендеуіне септігімді тигізгім келеді. Адамдар мемлекеттік бағдарламаларға қатысса, халықтың көшуі азайса деп тіледім. Қазір көшіп жатқан ешкім жоқ.

Менің жоспарым — медициналық пункт салу. Былтыр басталған құрылыс биыл аяқталады. Тұмалыкөл ауылында байланыс әлсіз, тіпті жоқ деп айтуға болады. Биыл қаржы бөлінеді, интернет желісі іске қосылады.

Ауылда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бізде 50-ден астам шаруашылық бар. Осы бағытта шаруалардың әрі қарай дами түскенін қалаймын. Былтыр екі жас жігіт қымыз шаруашылығын қолға алды. Олар облыстық, республикалық Қымыз fest фестиваліне қатысып, бірінші орын алып келді. Қымызбен қатар, шұбат жасауды дамытуды көздеп отырмыз.

Жанна Абденова
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан

— Жоспар құрылды, алда атқарылар нақты істер де бар екен. Ауыл тұрғындары сізді қолдай ма?

— Өзім бұрын-соңды бұл ауылда тұрған жоқпын, байланысым болмады. Имене келгеніммен, жақсы ниетті, зор сенімді көріп, өзім де ашыла түстім. Қазір бәріміз ортақ чатта отырамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін айтып, ақпаратын жіберіп отырамын. Қатысып, кәсіп бастауға ұсыныс айтамын.

Сонымен бірге өрт, су тасқыны кезеңінде көмек қажет болса чатқа хабарлама жазамын. Ер адамдар мұндайда қалыс қалмай, үнемі жанымыздан табылады. Өзім де әр істі ақылдасамын. Шынымды айтсам, арнайы қоғамдастық бар. Әр көшеден бір адамды сайлап қойдым. Аналар кеңесін, Ардагерлер кеңесін де құрдым. Жастар кеңесі де бар. Біз жұмысқа алатын адамды да ақылдасамыз. Кейде жалғызбасты аналарға көмектесу жолын да бірге қарастырамыз. Ауылдың өзекті мәселесін де талқылап, шешімін іздейміз.

Ж. Абденованың жеке мұрағатынан
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан

Бұл ауылдың ерекшелігі — дүкенде ішімдік сатылмайды. Үш жыл болды. Тұмалыкөл мен Қаратоғай ақсақалдарының шешімі осы. Бұл жақтың келіндері де ерекше ғой. Үлкендер келе жатса, көшеде сәлем салады. Наурыз мерекесінде келіндер бірдей орамал тартады. Соғым сойғанда топатай, омыртқаға шақырады. Нағыз қазақылықтың ортасы — біздің ауыл. Бүкіл шарасына шақырады. Халықпен бірге жүремін.

Жылда Наурыз мерекесі өте жоғары деңгейде өтеді. Оны осы ауылдың азаматтары өздері ұйымдастырады. Былтыр ақпанда сайланып, бірінші рет Наурызға қатыстым. Шаруа қожалықтарының қолдауымен Наурыз мерекесі үш күн бойы тойланды. Аламан бәйге, қазақ күресі, теңге алу секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтіп, жеңімпаздар анықталды.

— Тұрғындар арасында жеке-дара келіп, көмек сұрайтындары бар ма?

— Күнде келіп, менен көмек сұрамайды. Мұнда жұмыссыз жүрген адам аз. Өзім ай сайын Тұмалыкөл ауылына барып келем, сол кезде жолды дұрыстауды, уақтылы тазартуды сұрайды. Сонымен бірге жер сұрайды. Бізде 52 қожалық бар. Одан басқа да кәсіп ашқысы келетіндер көп.

Жұмыспен қамту аясында жастарды түрлі грантқа қатыстыруға тырысамын. Олардың да өз критерийі бар. Қазір екеуін тіркеп қойдым. Ауылда екі қыз торт, түрлі кондитерлік өнім дайындайды. Бар той-садақаға тапсырыс алады. Олар да кәсіп бастаса, жақсы көрсеткіш болар еді.

Бір жақсы жері жыл ішінде қылмыс та тіркелмеді. Анау-мынау кемшілік болады, бірақ үлкеннің сөзі өтімді ғой. Ауылда екеуара ұрыс-керіс болса, ақсақалдар бір сөзбен тоқтатады.

Жанна Абденова
Фото: Ж. Абденованың жеке мұрағатынан

Өзім әкім боп сайланған соң ақсақалдардың үйін аралап, бәріне кіріп шықтым. Танысып, батасын алдым. Қазір 90 жастағы екі ата бар. Солардың айтқаны болады. Әрі әр көшеден бір-бір адамды жаныма көмекші қылып алып алдым.

Ауылда бұрын Мәрзия апа да әкім болған. Марқұмды бәрі таниды, сыйлады. Содан да болар, алғаш кезде мені жатырқағанымен, кейін бауырындай көріп кетті. Мәрзия апаның есімін ұлықтау үшін турнир өткізуге ұсыныс айтқанда, қолдады. Ұрпағын, сонымен бірге жерлестерімізді жинап, саябақ салсақ деген ойымызды айттық. Ауыл адамдарымен үнемі ақылдасамын, тек келісіммен жұмыс істеймін. Айта кетсем, біздің ауылда Тахауи Ахтанов, Жанар Айжанова, Есен Елеукен өмірге келген.

— Ауылда Халықаралық әйелдер күні не болады?

— Халықаралық әйелдер мерекесі біз үшін ерекше. Былтыр да өте жоғары деңгейде өтті. Биыл да мерекелік шара ұйымдастырамыз. Шаруа қожалықтарының демеушілігімен Алтын алқа, Күміс алқа иегерлерін құттықтап, кіріп шығу ойда бар. Қожалықта отырған әйелдерді де құттықтағымыз келеді.

Өзім мемлекеттік қызметшілер арасында өткен волейбол, теннис ойынына қатыстым. Біз өзі ауыл жастары болып жиналып, қыста кешкісін волейбол ойнаймыз. Бір жылдан бері көше кубогы бар. Алты көшенің спортшыларынан алты команда құрып, жарысамыз. Биыл жарыс сәуір айында болады. Ал жазда үстел теннисін мектеп ауласына шығарып қояды.

Сонымен бірге ауылда Қымыз fest өтеді. Онда бие сауу, қымызды ыстау, сақтауды көрсетеді. Оны биыл тамыз айында ұйымдастырамыз.

— Арада бір жыл өтті. Сөзіңізге құлақ түрсем, ауылмен біте қайнап, сіңіп кеткен екенсіз. Бұрын әкім болу ойда болып па еді?

— Жастар ресурстық орталығында жүргенде ауылдарға көп баратынмын. Сол кезде «Мынадай бір рулы елді қалай басқарады?» деп ойлайтын едім. Ақтөбе облысында су тасқыны болғанда Шалқар ауданының жастарына бір ауылды берді. Ол жердің әкімі әйел болды. Суетік киген апа ер адамдармен қатар жүрді. Қасында учаскелік полиция қызметкері болды. Сол кезде ғана «Мен де әкім болсам ғой, қолымнан келеді» деп ойладым. Шалқарда екі ауылдық округте әкім сайлауы болады деп жарияланғанда өз бағымды сынап көргім келді. Ең бірінші келгенде «қыз балаға қиын, жолдасыңыз жоқ, жассыз» деп айтты. «Бізде қыс қатты болады. Аудан орталығында тұрдың, ауылдың тіршілігі қиын» деп те ескертті. Рас, бірден құшақ жая қабылдады деп айта алмаймын. Күнде келіп, ақсақалдарға, әжелерге бардым. Жадырасын ата: «Мәрзия деген басқарды. Бұл да көп жерді көріп, жұмыс істеген», — деп айтты. Соңғы екі үгіт-насихатқа келгенде мен халыққа бірден ойымды ашық жеткіздім. «Қолдан келетін істі, бағдарламаларды айтамын. Қолдан келмесе уәдені үйіп-төкпеймін. Сіздер маған көмек бермесеңіздер, жалғыз бәйгеге шаба алмаймын» деп. Бұл ауылдан емеспін, тума-туысым да жоқ. Қазақтың жері болған соң барымша жұмыс істеймін дедім. Бір жылда өз-өзіме есеп беріп отырмын. Ауданнан келгендер «халық сізде өте жоғары бағалайды» деп айтты. Шүкіршілік етемін. Жиналысқа шақырсам келеді. Сізге айтайын, ешқандай қолдау болмаған жерде адам жұмыс істей алмайды. Қазір мені аудан орталығына шақырса, бармас едім. Мен төрт жылға сайландым, осы уақытта ауылда боламын. Ауылда қазақты салт-дәстүрді терең түсіне түстім. Бақыттымын деп ойлаймын. Бір ауылдың тұтқасын ұстауға мүмкіндік берген халыққа алғыс айтамын.

— Іске сәт, әңгімеңізге рахмет.