Мектептер бір ауысымды оқыту жүйесіне қадам басты – Оқу-ағарту министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Оқушыларымыздың халықаралық жарыстардан жүлделі орала бастауы – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың нәтижесі. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

– Үш ауысымды мектеп мәселесін биыл түбегейлі шешеміз деп отырмыз. Мәселен, кеше Түркістан облысының әкімдігімен сөйлескенімде олар: «70 жылдық тарихта өңірдегі үш ауысымды мектептер жойылады деп күтпеп едік. Ұлттық жоба өңіріміздегі осы мәселені түбегейлі шешуге ықпал етіп отыр. Бізде 2-3 мектеп қана қалды. Оны да биыл шешеміз, - дейді. Тіпті, біз үш ауысымды мектептен бір ауысымды мектептерге де көшіп жатырмыз. Қазірдің өзінде елімізде 3 мыңнан аса бір ауысымда оқып жатқан мектептер бар. Астана қаласының өзінде бір ауысымды мектептер бар. Жалпы, біз бір ауысымды мектептерге қарай қадам бастадық. Бұл балалардың түске дейін білім алып, түстен кейін қосымша біліммен айналысуына үлкен мүмкіндік туғызып жатыр. Мұны балалардың сапалы білім алуына және тұлға, азамат болып қалыптасуына ықпал ететін шешімдер деп есептеймін, - деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, мемлекеттің білім саласына құйып жатқан қаржылай және басқа да көмектері өз нәтижесін бере бастады.
– Бір ауысымға көшу және балаларымыздың түрлі халықаралық жарыстардан жүлделі орындармен келе бастауы – бұл білім саласына соңғы 6 жылда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың нәтижесі, - деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналатынын айтқан еді.