Бір балалар футбол алаңын салуға қанша қаржы қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз бойынша 1 489 балалар футбол алаңы жетіспейді. Бұл жайында Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті.

спорт алаңы
Фото: Қосшы қаласы әкімдігі

- Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, еліміз бойынша 6 926 балалар футбол алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде 1 335-і жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Республика бойынша жалпы қажеттілік – 1 489, жоспар бойынша жергілікті бюджеттер мен жеке инвестициялар қаражаты есебінен салынатын балалар футбол алаңының саны – 698, - деді министрліктен агенттіктің сауалына орай.

Сонымен қатар министрлік бір балалар футбол алаңына шамамен қанша қаржы кететінін атады.

- Бір балалар футбол алаңының құны алаңның ауданына (шағын футбол алаңының мөлшері орта есеппен 40*20 метр, ең төменгі мөлшері 25*15 м, ең жоғары мөлшері 25*42 м), құрылымына, қоршаудың биіктігіне, алаңды жабу материалына және шығыстарға байланысты 7 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін қаражатты қажет етеді, - деді ведомстводан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында алдағы екі жылда әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиістігін тапсырған еді.

Туризм және спорт министрлігі осы тапсырманы орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын 2026 жылдың желтоқсан айын орындау мерзімімен бекітпек.

Бұған дейін еліміздің қай өңірінде жаңа стадион салынып, ескілері жаңартылатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар