Бір донордан он баладан артық тууға болмайды - Салтанат Байқошқарова

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандағы алғашқы «құтыдан шыққан бала» авторы, өз саласының үздігі, репродуктолог Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру әдісін қолдану көрсеткіштері әлемдік деңгейден кем емес, ал мыңдаған отбасы үшін бұл әдіс - үміт пен аналық қуаныштың кілті.

экомед
Фото: ecomed.kz

- Салтанат Берденқызы, экстракорпоралды ұрықтандыру технологиялары кейінгі жылдары қалай жетілдірілді, әңгімені осыдан бастасақ…

- Бұл технологиялар алғаш рет 1978 жылы Англияда қолданылғанын білесіздер. Сол кезде дүниеге келген алғашқы бала - Луиза Браун. Ал Қазақстанда бұл істі 1995 жылы мен бастадым. Сөйтіп, 1996 жылдың 31 шілдесінде алғашқы қазақстандық бала дүниеге келді. Жалпы, бұл ғылымның әлем бойынша 50 жылдық тарихы бар, ал Қазақстанда - шамамен 30 жыл. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп, кезең-кезеңімен дамыған. Англияда алғашқы нәтиже алынғанға дейін ғалымдар дүниежүзінде 100 жылға жуық уақыт бойы түрлі тәжірибелер мен эксперименттер жүргізіп келген. Сол еңбектің нәтижесінде қазіргі технологиялар өте жоғары деңгейге жетті. Қазір біздің саламызда жасанды интеллект және бағдарламалық технологиялар кеңінен қолданылады. Сондықтан қазіргі деңгей мен бұрынғы кезеңді салыстыруға болмайды. Қазақстанда бұл бағыт өте жоғары деңгейде дамып отыр.

- ЭКҰ жасату бойынша жас шамасына қарай шектеу бар деп еститін едік, бірақ кейінгі кезде байқап жүргеніміздей, бұл жаңсақ пікір сияқты?

- Бұл мәселе тікелей жасқа байланысты. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығында нақты жас шектеуі көрсетілмегенімен, іс жүзінде белгілі бір шектеулер бар. Өйткені әр адамның ағзасы әртүрлі. Мысалы, 80 жаста немесе 70 жаста бұл технологияны қолдану мүмкін емес. Дүниежүзінде сирек те болса 60 жастан кейін ЭКҰ жасатқан жағдайлар кездеседі, бірақ біз, негізінен, 50 жасқа дейін жасауға тырысамыз. Оның өзінде табиғаттың өз шектеулері бар. Жасы ұлғайған әйелдерде көбінесе ұрық тапшылығы байқалады. Сондықтан мұндай істердің барлығы өз уақытымен жасалғаны дұрыс.

Табиғи жолмен жүкті болып, бала дүниеге әкелу - ең дұрысы деп ойлаймын. Ал ЭКҰ әдісіне жүгінгісі келетін әйелдер уақытын өткізіп алмауы керек. Себебі, егер әйел 45 жасқа келіп, өз ұрығы болмаса, жас шектеуі заң жүзінде болмаса да, биологиялық тұрғыдан бар деген сөз. Сондықтан бұл мәселеде «жас шектеуі жоқ» деп айта алмаймыз.

- Қазіргі кезде бұл әдісті кімге және қашан жасатуға болады, ол қалай анықталады? Осы процедураның сатыларын айтып берсеңіз…

- Көбінесе ерлі-зайыптылар үйленгеннен кейін бір жылдың ішінде бала болмаса, репродуктологке жүгінуі керек. Қазіргі заманда жастардың көбі саналы, сауатты. Сондықтан бұл мәселеге дер кезінде мән береді.

Егер әйел 35 жастан кейін тұрмысқа шықса, онда табиғи жолмен жүктілік болу мүмкіндігін жарты жыл күту жеткілікті. Сол уақыт ішінде нәтиже болмаса, міндетті түрде репродуктологке қаралу қажет.

Ал егер табиғи жүктілік болмаса, алдымен консервативті ем жүргізіледі: дәрі-дәрмекпен, қажет болған жағдайда операциялық немесе физиотерапиялық әдістермен. Егер осы емдердің ешқайсысы нәтиже бермесе, онда экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінуге тура келеді. Бірақ ЭКҰ-ға бару үшін тым ұзақ күтудің қажеті жоқ. 10-15 жыл бойы нәтижесіз емделіп жүрудің орнына, егер 2-3 жыл ішінде нәтиже болмаса, ЭКҰ жасауға болады.

Кейбір жағдайларда ЭКҰ бірден тағайындалады. Мысалы, әйелдің жатыр түтікшелері бітеліп қалған немесе алынған болса, аналық ұрық жоқ болса, не жатырдың өзі болмаған жағдайда - мұндай адамдарда табиғи жолмен жүктілік мүмкін емес, сондықтан тікелей ЭКҰ әдісіне жүгінеді.

- Қазір өкінішке орай, дамуында кедергілері бар сәби көп. ЭКҰ кезінде қандай да бір скринингтер ақылы туа бітетін аурулардың алдын алуға бола ма?

- Қазіргі кезде дамуы тежеліп, тілі шықпай жатқан балалар, сондай-ақ психологиялық дамуы баяу балалар көбейіп келеді. Мұндай жағдайлардың себебін генетикалық тұрғыдан 100 пайыз анықтау мүмкін емес. Егер отбасында осындай бала дүниеге келсе, ата-ананың екеуі де міндетті түрде тексерілуі керек. Қан талдау арқылы генетикалық аурулардың бар-жоғын, баланың қандай генетикалық ақауы болғанын анықталады. Үш тарап - әкесі, анасы және бала тексерілгеннен кейін ғана болашақта дені сау бала сүю мүмкіндігі бар ма, жоқ па, міне мұны генетикалық талдаулар көрсетеді. Осы мәліметтерге сүйене отырып, келесі жүктілікті жоспарлауға болады. Бұл - өте күрделі әрі қымбат технология, сондықтан оны баршаның қалтасы көтереді деп айту қиын.

ЭКҰ әдісін қолданған кезде біз эмбриондарға генетикалық талдау жүргіземіз. Талдау нәтижесінде эмбрионның 99 пайызы дені сау деген қорытынды шықса да, бұл 100 пайыз бала дені сау туады дегенді білдірмейді. Дегенмен, көптеген тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік бар. Ал қазіргі кезде жиі кездесетін аутизм, ЗПРР (психикалық дамудың тежелуі), ЗРР (сөйлеу дамуының тежелуі) сияқты бұзылыстарды генетикалық тұрғыдан алдын ала анықтау немесе болжау әзірге мүмкін емес деуге болады.

- Көпшілік ЭКҰ процедурасының қымбатқа түсетінін айтады. Қызмет құны қалай қалыптасады? Қазір орташа баға қандай?

- Генетикалық талдаулар - өте күрделі, жоғары технологиялық әрі қымбат сала. Кәдімгі халық тапсыратын жалпы анализдерден айырмашылығы - генетикалық талдау өте сирек жағдайда ғана жасалады. Сол себепті генетикалық зертханалардың құрал-жабдықтары үнемі жаңартылып отыруы қажет. Алайда жаңа технологиялардың бағасы өте жоғары, ал бұл талдауларды тапсыратын адамдар саны аз болғандықтан, мұндай зертханалар өз шығынын ақтай бермейді. Сондықтан көптеген генетикалық талдаулар шетелдік зертханаларда жүргізіледі. Мысалы, АҚШ-тағы, Ресейдегі, Түркиядағы халықаралық деңгейдегі зертханаларда жасалады. Өйткені Қазақстанда халық саны аз болғандықтан, мұндай күрделі генетикалық зертхананы ашу экономикалық тұрғыдан тиімді емес: құрал-жабдықтарды жыл сайын жаңарту үлкен қаржыны қажет етеді. Бұл - ең алдымен қаржылық жағынан өте қиын мәселе.

Ал экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы, керісінше, Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Орта есеппен бір ЭКҰ процедурасының құны – шамамен 1,5 миллион теңге (генетикалық талдаусыз). Оның жартысына жуығы ұрықты алу, гормондық дәрілерді қолдану және медициналық процедураларға жұмсалады (орта есеппен 700 мың теңге шамасында). Қалған бөлігі криоконсервация және ЭКҰ бағдарламасының өзіне кетеді. Дегенмен, бұл - халықтың көпшілігі үшін арзан емес. Осыны ескеріп, Президентіміздің бастамасымен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» атты бес жылдық бағдарлама іске қосылды. Биыл – сол бағдарламаның бесінші жылы. Ал келесі жылы оның жалғасы бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ, қалай болғанда да, бұл бастама көптеген отбасыларға зор үміт пен мүмкіндік сыйлады.

Аңсаған сәби
Фото: «Перзентті бол» клубы

- Шағын қалалар мен ауыл тұрғындары үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған, яғни осы әдіске жүгінгісі келгендер Алматы мен Астанадан басқа жерде тексеруден өтіп, қарала ала ма?

- Біз өзіміздің «Экомед» клиникалар тобын Қазақстанның бірнеше қаласында аштық. Қазіргі уақытта барлығы 12 клиникамыз жұмыс істейді. Оның ішінде ең ірілері - Алматы қаласында (2 клиника), Астанада, Шымкентте, Атырауда және Ақтөбеде орналасқан.

Біздің мақсатымыз - әр өңірдің тұрғындарына өз қаласында емделуге мүмкіндік жасау, яғни адамдар ЭКҰ процедурасын өту үшін алысқа бармай, жолға, жатын орынға шығын шығармай, жұмыстан сұранбай-ақ өз өңіріндегі клиникада толық ем ала алады. Осылайша, біз халыққа барынша ыңғайлы жағдай жасап отырмыз. Ал қалған алты орталық - шағын көлемді, негізінен табиғи жолмен жүктілікке көмектесетін клиникалар. Сондай-ақ басқа зертханалармен бірлесіп жұмыс істейді.

- Қазақстанда ЭКҰ бойынша көрсеткіштер қандай, әлемдік стандартпен салыстыра отырып айтсаңыз…

- Әлемдік деңгеймен салыстырғанда, Қазақстандағы ЭКҰ зертханалары бүгінде озық технологиялармен жұмыс істейді. Қазіргі таңда елімізде шамамен 30 лаборатория ресми түрде тіркелген, алайда олардың деңгейі әртүрлі. Сондықтан «бәрі бірдей нәтиже береді» деп ойлау дұрыс емес. Нәтижесі жоғары болу үшін тәжірибелі, жақсы жабдықталған зертханаларды таңдау қажет. Қазір Қазақстанда алдыңғы қатардағы оншақты ЭКҰ лабораториясы бар, соларға жүгінген жағдайда нәтиже алу ықтималдығы әлдеқайда жоғары және жүктілікке жету уақыты да қысқарады.

Дүниежүзілік көрсеткіштер бойынша, ЭКҰ нәтижелілігі орта есеппен 30-40 пайыздан басталады. Ал біздегі озық клиникаларда бұл көрсеткіш 60-70 пайызға дейін, кей жағдайларда одан да жоғары деңгейге жетеді. Мысалы, біздегі New Generation Clinic зертханасында соңғы екі жылда генетикалық диагностика жасалған эмбриондарды қолданған жағдайда жүктіліктің оң нәтижесі орта есеппен 76 пайыз болып отыр. Бұл - өте жоғары көрсеткіш және халықаралық деңгейде де керемет нәтиже болып саналады.

Жалпы алғанда, ЭКҰ зертханаларының табыстылығы олардың қаншалықты заманауи жабдықталғанына және жаңа технологияларды қалай қолданатынына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның ЭКҰ саласы бүгінде әлемнен кем түспейді - кей бағыттарда тіпті кейбір елдерден озып тұр деуге болады.

- Донорлық банктер туралы айтсаңыз, донорлар қалай іріктеледі?

- Біздің елімізде әзірге арнайы донорлық банк жоқ. Ал шетелде, әсіресе Еуропа және басқа да өркениетті мемлекеттерде, ұрық пен жыныс жасушаларын сақтау мен пайдалануға арналған біріңғай орталықтандырылған банктер жүйесі бар. Онда ер адамның немесе әйел адамның ұрығы алдын ала сақталып, қажет кезде қолданылады. Қазақстанда мұндай тұрақты жүйе қалыптаспаған, яғни бізде бәрі қажетіне қарай, жеке жағдайларға байланысты іске асырылады. Егер пациенттің ұрығы сапасыз болса немесе ер адамда мүлдем ұрық жоқ жағдайлар кездессе, сондай ерекше медициналық көрсеткіштер болғанда ғана донорлық ұрық қолданылады. Бұл - өте күрделі процесс. Себебі донорларды табу оңай емес. Мысалы, жарнама бергеннің өзінде 100 адамның ішінде небәрі екі-үшеуі ғана талаптарға сай келуі мүмкін. Донорларды іріктеу мен тексеру көп қаржыны, уақыт пен еңбекті қажет етеді. Оған қарамастан, қазіргі таңда елімізде медицина саласында донорлық көмекті қажет ететін пациенттерге көмек көрсету мүмкіндігі бар.

- Павел Дуров 15 жыл бұрын донор болғанын, содан бері 12 елде 100-ден астам биологиялық баласы бар екенін айтқан еді. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бір донордың генетикалық ізі қандай болуы мүмкін?

- Қазір «Ресейде бір донордан туған балалардың саны жүзге дейін жетіп жатыр» деген ақпараттар жиі айтылады. Бұл, әрине, қоғамда түрлі пікір тудырып отыр. Ал Қазақстанда бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен нақты реттелген. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бір донордан ең көбі он балаға дейін ғана дүниеге әкелуге рұқсат етіледі. Бұрын бұл көрсеткіш жиырма балаға дейін болған, алайда шамамен 5-6 жыл бұрын тиісті өзгерістер енгізіліп, шектеу күшейтілді. Бұл шешімнің қабылдануына бірнеше себеп бар. Ең бастысы - донорлық ұрықты іріктеу мен генетикалық талдау процесінің өте күрделі әрі жауапты болуы. Сондықтан мұндай шектеу этикалық және медициналық тұрғыдан орынды деп есептеледі.

Ал Ресейдегі жағдай басқа. Мысалы, Дуров сияқты жеке тұлғалардың өз бастамасымен жүздеген балаға дейін донорлық ұрық беруі - олардың елінің заңнамасы мен демографиялық саясатына байланысты. Ресей халқының саны көп болғандықтан, бұл көрсеткіш олар үшін айтарлықтай мәселе болмауы мүмкін. Бірақ ең бастысы - әр бала өзінің шығу тегін білуі керек. Егер ол ақпарат ашық болса, болашақта кездейсоқ генетикалық байланыс орнап кету қаупі төмендейді.

- Өзіңіз жақсы білесіз, қазақ қоғамында «жеті ата» ұғымы бар. Репродуктологтер бұл туралы не дейді? Жалпы, донор туралы мағлұматтарда не қамтылады және руы көрсетіле ме?

- Қазақстанда донор ер адамдардың ұрығын қолдану жағдайлары өте сирек кездеседі. Бірақ қолданылған жағдайда, әр донор туралы негізгі мәліметтер - ұлты, білімі, сыртқы белгілері және денсаулық жағдайы міндетті түрде сұралады және тіркеледі.

Біздің елде донорлық үдеріс анонимді түрде жүзеге асады, яғни донор мен реципиент бір-бірін танымайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келеді. Алайда, бір қиындық бар - қолданыстағы нормативтік құжаттарда донордың тегін немесе шыққан тектерін генетикалық тұрғыда тексеру туралы нақты талап жоқ. Дегенмен, клиникаларда мамандар бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарайды. Донорлармен ауызша сұхбат жүргізіліп, олардың тегі мен шыққан ортасы туралы мәліметтер тіркеліп отырады. Сонымен қатар, генетикалық кариотип талдауы міндетті түрде жасалады, бұл арқылы ұрықтың тұқым қуалайтын аурулардан таза екендігі тексеріледі. Осылайша, әр пациенттің талабына сай, қауіпсіздік пен сапа сақталып, барлық процесс Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

- Ал эмбриондарды сақтау және жою мәселесі қалай реттелген? Бұл мүмкіндік елімізде қаншалықты сұраныста?

- Пациенттер ЭКҰ бағдарламасына келген кезде аналық бездерді стимуляциялау барысында бірнеше аналық жасуша түзіледі. Әсіресе, жас әйелдерде немесе поликистоз синдромы бар пациенттерде бұл көрсеткіш жоғары болады. Нәтижесінде бір ЭКҰ циклінен бірнеше эмбрион алынады. Көп жағдайда әйел алғашқы эмбрионнан бала көтеріп, дүниеге әкеледі, ал қалған эмбриондар криоконсервация әдісімен қатырылып сақталады. Кейіннен ол әйел тағы да бала көтергісі келмеуі мүмкін, ал эмбриондар сақталып қалады. «Осындай жағдайда қатырылған эмбриондарды не істеу керек?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, пациент пен клиника ЭКҰ басталар алдында арнайы келісімшартқа отырады. Онда артық эмбриондарды сақтау мерзімі, сақтау шарттары және сақтау уақыты аяқталған соң не істеу керектігі (мысалы, жою немесе сақтау мерзімін ұзарту) нақты көрсетіледі.

- Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда эмбрионға меншік құқығы кімге тиесілі болады?

- Иә, кейде өмірде күтпеген жағдайлар болады. Жұбайлардың бірі қайтыс болуы немесе ажырасу сияқты оқиғалар кездеседі. Осындайда қатырылған эмбриондардың тағдыры - күрделі әрі сезімтал мәселе. Мұндай жағдайлардың барлығы ЭКҰ бағдарламасы басталар алдында жасалатын келісімшартта нақты жазылады. Онда: «Егер жұбайлардың бірі өмірден өтсе немесе ажырасса, эмбриондардың тағдырын кім шешеді?» деген сұрақтарға нақты жауап көрсетіледі. Мысалы, ажырасқан жағдайда әйел адам өз бетімен эмбрионды салып ала алмайды. Себебі, заң бойынша бұрынғы күйеуінің нотариалды түрде берілген рұқсаты қажет. Егер ол рұқсат бермесе, эмбрион жоюға жіберіледі. Ал егер тараптар арасында дау туындаса, мәселе сот арқылы шешіледі.

- Қазақстанда суррогат ана болудың заңдық, этикалық шекаралары дұрыс қалыптасқан ба? Коммерциялық суррогат ана болуға рұқсат берудің қандай қауіптері бар?

- Суррогат ана болу елімізде заң жүзінде толықтай реттелген. Дегенмен әрбір жағдайда тапсырыс беруші жұп пен суррогат ананың арасында жеке келісімшарт жасалады. Бұл тікелей өзара немесе арнайы агенттік арқылы жүзеге асады. Барлық құқықтық және қаржылық шарттарды нотариус пен заңгерлердің қатысуымен агенттік тараптар келісіп шешеді. Сондықтан медицина қызметкерлері бұл процесстің тек медициналық және биологиялық жағына ғана жауап береді. Біз тек жұбайлар мен суррогат ананың арасында келісімшартқа қол қойылып, барлық құқықтық рәсімдер аяқталған соң ғана медициналық кезеңге көшеміз.

Келісімшартта тараптардың барлық міндеттері мен құқықтары, төлемнің көлемі мен тәртібі, күтпеген медициналық қиындықтар туындаған кездегі жауапкершілік - барлығы нақты көрсетіледі. Көп жағдайда коммерциялық негізде жасалады. Этикалық тұрғыдан алғанда, суррогат ана болу - әр адамның жеке таңдауы. Әдетте әйелдер мұндай қадамға қажеттіліктен, белгілі бір қаржылық немесе өмірлік жағдайды шешу үшін барады. Сондықтан мен бұл әрекетті айыптай да, ақтай да алмаймын. Бұл - әркімнің жеке шешімі.

- Қоғамда ЭКҰ-мен туған балаларға қатысты стигма немесе қате түсініктер әлі де бар сияқты, осы орайда не айтар едіңіз?

- Біздің қоғамда, өкінішке қарай, көптеген мәселеге қатысты стигма әлі де бар. Көпшілік біреудің жеке өмірін талқылап, өсекке айналдыруға бейім. Сол себепті адамдар «халық не дейді, ұят болады» деген ұғыммен өмір сүруге дағдыланып қалған. Мұндай көзқарас бедеулік немесе ЭКҰ сияқты тақырыптарда да байқалады. Көпшілік қорқады, жасырады, өйткені біреу намысына тиетін сөз айтып қалуы мүмкін. «Балаға көз тиеді, сөз тиеді» деп сенетіндер бар. Бұл - біздің қоғамның қалыптасқан психологиясы.

Дүниежүзінің өркениетті елдерінде, мысалы, ЭКҰ немесе бала асырап алу ешкімнен жасырылмайды, тіпті қалыпты нәрсе саналады. Ал бізде әлі де ашық айтуға ұялатын, қоғамдық пікірден қысылатын жағдайлар көп. Дегенмен соңғы жылдары жастардың көзқарасы өзгеріп келеді. Бұрын мұндай нәрсе өте сирек кездессе, қазір ЭКҰ арқылы балалы болу қалыпты қабылдана бастады. Көптеген ата-ана бізге алғысын айтып, балаларымен бірге суретке түсіп, тіпті балалар күніне арналған мерекелерге қатысып, қуаныштарымен бөліседі. Бұл - өте маңызды өзгеріс. Өйткені мұндай ашық мысалдар басқаларға да үміт береді. Бала сүйе алмай жүрген көптеген жұп осындай оқиғаларды көріп, өздеріне психологиялық қолдау табады. Менің ойымша, дәл осы медициналық технологиялардың ең үлкен жетістігі - адамдарға тек бала емес, үміт пен сенім сыйлау.

- Әңгімені технологиядан бастаған едік, сол тұрғыда түйіндесек. Әлемде гендік инженерия, жасанды жатыр сияқты жаңа бағыттар талқыланып жатыр. Қазақстан бұл тұста трендте ме?

- Гендік инженерия - әлі де жетілу үстіндегі жаңа ғылым. Сондықтан бұл салада да түрлі пікір бар: оны қолдайтындар да, қарсы шығатындар да әр мемлекетте кездеседі. Қазіргі таңда мұндай зерттеулер мен тәжірибелерге барлық елдерде бірдей рұқсат берілмеген, тек кейбір мемлекеттерде ғана шектеулі деңгейде эксперимент жасауға мүмкіндік бар. Дегенмен менің ойымша, болашақта бұл бағытта үлкен өзгерістер болады.

Ғылымда бүгінде жасанды аналық және аталық ұрық жасау мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Тіпті жасанды жатыр жасау идеясы да бар. Әзірге ол тек эксперимент деңгейінде, бірақ алдағы 20-30 жылда бұл бағытта нақты нәтижелерге жетуіміз әбден мүмкін. Өйткені бұдан 20-30 жыл бұрын интернет те, смартфон да болмаған. Ал бүгінде олар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол сияқты, медицина мен биотехнология да қарқынды дамып келеді. Мысалы, бұрын онкологиялық ауруларды емдеу мүмкін емес саналса, қазір олардың көпшілігі ерте сатысында емделеді, яғни ғылым тоқтаусыз алға жылжып келеді. Бірақ, сонымен қатар, адам тек ғылымға сеніп отырмауы керек. «Кейін балалы болармын», «ақша табылып қалса, жасатармын» деген көзқарас дұрыс емес. Уақытында үйленіп, уақытында ұрпақ көру - табиғаттың заңы. Ал егер болашақ ата-аналар алдын ала медициналық және генетикалық тексерулерден өтіп, өздерінің қандай ауруларға бейім екенін білсе, бұл - дені сау бала дүниеге келу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Соңғы жаңалықтар