Бір ғасыр бұрын көтерілген мәселе: Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 1926 жылы Бакуде тарихтағы тұңғыш әрі бірегей Түркология құрылтайы өткен еді. Арада тура бір ғасыр өткенде Алматыда әлемнің көрнекті түркітанушы ғалымдары қайта бас қосып, сол кезеңде бастау алған ғылыми бағыттарды жаңғырту және түркітану ғылымының жаңа даму үрдістерін айқындауға арналған халықаралық конференция өткізді.

Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті
Фото: Александр Павский/Kazinform

1926 жылы Бакуде өткен алғашқы Түркологиялық құрылтай Еуразиядағы түркі халықтарының тарихындағы ең маңызды әрі тағдырлы оқиғалардың бірі ретінде бағаланады. Ортақ тарихы, рухани тамыры, тілдік және мәдени жақындығы бар түркі жұртын тоғыстырған бұл басқосуға Алтай мен Сібірден бастап Балқан түбегі мен Орталық Еуропаға дейінгі аумақта өмір сүретін 32-ден астам түркі халықтарының өкілдері мен көрнекті түркітанушы ғалымдар алғаш рет бір шаңырақ астында жиналды. Құрылтайда түркі мәдениеті, тілдері, ортақ тарихы және әліпби мәселелері кеңінен талқыланды.

Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті
Фото: Александр Павский/Kazinform

Халықаралық Түркі академиясының президенті Шайын Мұстафаев алғашқы Түркологиялық құрылтайдың ең маңызды әрі тарихи шешімдерінің бірі түркі халықтарының араб әліпбиінен латын графикасына көшуі болғанын еске салды.

Оның сөзінше, 1926 жылғы Баку құрылтайында ортақ түркі терминологиясын қалыптастыру, жалпытүркілік тарих пен мәдени мұраны жүйелі зерттеу мәселелері көтеріліп, қазіргі түркітану ғылымының негізі қаланды.

Алайда ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңындағы саяси қуғын-сүргін бұл ғылым саласына ауыр соққы болды. 1926 жылғы құрылтайға қатысқан көптеген ғалым репрессияға ұшырады. Соған қарамастан, сол кезеңде басталған ғылыми ізденістер мен идеялар ұмыт қалған жоқ, бүгінге дейін жалғасып келеді.

Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті
Фото: Александр Павский/Kazinform

21-22 мамыр күндері Алматыда Халықаралық Түркі академиясы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті және түркі елдеріндегі бауырлас ғылыми ұйымдармен бірлесіп, Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығына арналған ірі халықаралық конференция ұйымдастырды. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия елдерінен, сондай-ақ АҚШ пен Еуропадан келген белгілі түрколог ғалымдар қатысып жатыр.

Шайын Мұстафаев
Фото: Александр Павский/Kazinform

 

– Бүгін Алматыда осыдан бір ғасыр бұрын Бакуде көтерілген маңызды мәселелер қайта күн тәртібіне шығарылып отыр. Бұл – ортақ түркі әліпбиі, түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ түркітану ғылымының болашақ даму бағыттары. Бұл конференция түркологияның дамуына тың серпін беріп, түркі халықтарының рухани және ғылыми байланысын одан әрі нығайтады деп сенеміз, - деді Шайын Мұстафаев.

Айта кетейік, Алматыдағы халықаралық конференция – түркі әлемі үшін айрықша маңызға ие тарихи датаны ұлықтауға арналған кең ауқымды іс-шаралардың бір бөлігі.

Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылғы 15 желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Баку түркологиялық құрылтайына арналған ауқымды симпозиум өтетінін айтты.

Ақтоты Райымқұлова
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сонымен қатар Франция астанасындағы түркі елдерінің мәдени орталықтарында концерттер, көрмелер және кітап таныстырылымдары ұйымдастырылады. 15 желтоқсан күнінің таңдалуы да кездейсоқ емес — ЮНЕСКО-ның 43-бас ассамблеясында бұл күн Дүниежүзілік түркі тілдері күні болып жарияланған.

Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылғы 15 желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығына арналған ірі халықаралық симпозиум өтетінін айтты. Сонымен қатар Франция астанасындағы түркі елдерінің мәдени орталықтарында концерттік бағдарламалар, көрмелер және кітап таныстырылымдары ұйымдастырылады.

15 желтоқсан күнінің таңдалуы да символдық мәнге ие. ЮНЕСКО-ның 43-бас ассамблеясының шешімімен бұл дата Дүниежүзілік түркі тілдері күні болып жарияланған.

– Қазір Бакудегі қордың штаб-пәтерінде қызмет ете жүріп, түркі халықтарының ғасырлар бойы өз тарихи әрі мәдени мұрасын сақтап қалғанына ерекше таңданыспен қараймын. Өкінішке қарай, 1926 жылғы Баку түркологиялық құрылтайына түркі кеңестік республикаларынан сайланған 131 делегаттың 130-ы кейін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Тек бір делегат дерттен көз жұмған. Сол кезеңде Кеңес Одағында түркологиямен айналысу немесе пантүркизм идеяларына жақын болу ғалым үшін аса қауіпті саналды. Сол құрылтайда көтерілген бастамалар толық жүзеге асқанда, бүгінде түркология ғылымы әлдеқайда биік деңгейге көтерілер еді, ал мәдени мұраны сақтау бағытындағы зерттеулер анағұрлым терең дамыған болар еді, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті
Фото: Александр Павский/Kazinform

Тарихтың ауыр кезеңдеріне қарамастан, бүгінгі түрколог ғалымдар болашаққа зор үмітпен қарайды. Қазіргі таңда түркі мемлекеттерінде ортақ мәдени мұраны сақтау, зерттеу және әлемге насихаттау ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр.

– Бүгінде жалпытүркілік материалдық және материалдық емес мәдени мұралардың 70 нысанынан тұратын арнайы тізім жасалды. Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитінде түркі мұрасының бірыңғай цифрлық платформасын құру және ортақ мәдени мұраны қорғауға арналған конвенция әзірлеу жөнінде маңызды келісімдер қабылданды. Біздің қор дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, бір ғасыр бұрынғы түрколог ғалымдардың аманатын жалғастырып келеді, - деді ол.

Айта кетейік, 22 мамырдан бастап Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Баку түркологиялық құрылтайына қатысты сирек фотосуреттер мен тарихи қарарлар көрмесі ашылады. Сондай-ақ түркі халықтарының бір-бірінің тіліне аударылған кітаптары мен Бакудегі алғашқы түркологиялық құрылтай туралы ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтеді. Көрме шамамен 1,5 ай бойы көпшілікке ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін түркітанушы ғалымдар Махмұд Қашқари мұрасы туралы жинақ шығаратынын жазғанбыз.

Алматыда бас қосқан түркітанушы ғалымдар не туралы кеңесті
Фото: Александр Павский/Kazinform