Бір отбасы Алакөлдегі аралда қалып қойған
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысының құтқарушылары Алакөлдегі аралдардың бірінде қалып қойған төрт адамды, оның ішінде бір баланы жағаға аман-есен эвакуациялады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Алакөл көлінің акваториясын профилактикалық патрульдеу кезінде анықталған.
Белгілі болғандай, демалушылар мінген жалға алынған шағын көлемді кеме техникалық ақауға ұшырап, олар өздігінен жағаға орала алмаған.
– ТЖМ қызметкерлері жүзу құралын пайдаланып, төрт адамды, оның ішінде бір баланы жағаға қауіпсіз эвакуациялады. Эвакуацияланғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ, – делінген министрлік хабарламасында.
ТЖМ азаматтарға суға шығар алдында жүзу құралының техникалық жағдайын міндетті түрде тексеруді, кемені шамадан тыс жүктемеуді, құтқару кеудешесін пайдалануды және ауа райы жағдайын ескеруді еске салды.
Айта кетейік, Алакөлдегі паром апатынан кейін әйел екі аяғынан айырылды.