Бір сәт Tik-Tok-тан бас көтеріңіздер: Президент Қазақстанның әлеуметтік міндеттемелері туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан азаматтарының тегін медициналық көмек алуға құқығы Конституцияда бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік міндеттемелерден бас тартпайтынын айтып, Қазақстандағы тегін медициналық көмек туралы пікір білдірді.

Токаев
Фото: Ақорда

– Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Ол құр сөз емес. Мәселе әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын орасан зор қаржы көлемінде де емес. Әйтсе де бұл тақырыпты қозғауға тура келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.

Оның айтуынша, Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған.

– Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер, – деді Президент.

Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады.

– Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі, – деді Қ. Тоқаев.

Бұған дейін Президент ел ішіндегі жолдардың сапасына шүйлігіп, саботажға теңеген еді.

Қазақстанның ірі қалаларындағы тазалық, қауіпсіздік және жайлы қоғамдық кеңістіктер шетелдік қонақтардың да назарын аударып отыр.

Сондай-ақ астаналық Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату қажет.