Масқара жағдай, саботаж деуге болады: Президент жолдардың сапасына шүйлікті

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала көшелерімен қатар, елді мекендерден тыс жолдардың сапасына да көңіл бөлуді тапсырды. Президент бұл мәселені Қазақстанның «ең осал тұстарының бірі» деп атады.

Президент: «Таза Қазақстан» –  это осознанный выбор нашего народа
Фото: Ақорда

Президент саябағында өткен экологиялық акцияда Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керектігін ескертті.

– Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, еліміз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жолында нық қадам басты. Табыстары көзге көрініп тұр, оны тұрғындар күнделікті өмірде пайдаланып та жүр.

– Бұған дейін атап өткенімдей, елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін таратудың маңызы зор. Олар қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді сәтті қолданып келеді. Орталық елорданың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлейді. Мұнда шетелдік тәжірибе де пайдаланылады. Барлық өңірде осы іспетті орталықтардың жұмысын уақыт оздырмай жолға қою қажет. Олар шаһарлардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.

Президент «Таза Қазақстанды» жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық тазалық стандартын әзірлеуді ұсынды.