Еліміздің әрбір азаматы таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керек – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында айтты.

ч
Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» – жай ғана ұран емес, шын мәнінде еліміздің тазалығы, өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз.

– Түптеп келгенде бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр. Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өздігінен аспаннан түспейді. Бұл да – ең алдымен әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен экологиялық науқанда.

Мемлекет басшысы тазалық ұғымына кең ауқымда қарау қажеттігін, ойы мен ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болатынын атап өтті.

– Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды. Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние, – деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.

Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауқымды экологиялық акциялар өтеді.