«Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылды – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы ел көлемінде ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Жыл басынан бері 600-ден астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 7 млн адам қатысты. Осы кезеңде 130 мыңнан астам гектар жер тазартылып, 1,3 млн тал егілген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен Таза Қазақстан» экологиялық акциясында айтты.
Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, ұлтымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту.
– Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 млн адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 млн тал егілді. Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы еңбекқорлық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында.
Осы орайда Мемлекет басшысы нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа алғыс айтты.
– Осындай нағыз отаншыл, патриот азаматтарды мемлекетіміз марапаттау керек. Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын, – деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.
Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.