«Браконьер» іс-шарасы барысында 1 млн. теңгеге жуық айыппұл салынды - Қызылорда облысы

Іс-шараға 34 мобильдік топ, 324 күш-құралдар жұмылдырылды. 10 күнінде облыс бойынша барлығы 120 экологиялық заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде, заңсыз ағаштар мен бұталарды кесудің - 7, заңсыз аң аулаудың - 49, заңсыз балық аулаудың - 32, азаматтық қаруды тасымалдау, сақтау ережесін бұзудың - 32 дерегі тіркелді. Анықталған 110 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша 733 мың 880 теңге көлемінде айыппұлдар салынды, деп хабарлады ОІІД баспасөз қызметі.
Заңсыз аң, балық аулаумен және заңсыз бұталар мен ағаштарды кесумен ұсталған 14 автокөлік тәркіленіп, айып тұрақтарына жеткізілді. Аталған мерзімде барлығы 11 қылмыстық іс қозғалып, 1 қылмыстық іс сотқа жолданды, қалған 10-ы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Бұған қоса, Қызылорда ОІІД ӘПБ табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлері мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен бірлесе ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар барысында 8 қазан күні Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылынан 20 шақырым жерде Қызылорда қаласының 1956 ж.т. тұрғынының басқаруындағы «Нива» маркалы автокөлігін тексеру барысында салоннан ІІО-да тіркеуде жоқ, 2 ұңғылы, 16 калибрлі аңшы мылтығы, 12 қоян, 2 қырғауыл, 1 прожектор және 1 пышақ алынып, Сырдария аудандық ішкі істер бөліміне өткізілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 10.10.2015 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мақпалкөл ауылының тұрғыны өз ауылының тұсында «Үштұп» деген жерде рұқсатсыз, заңсыз аң аулап жүрген жерінен ұсталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы, 1-бөлігімен (заңсыз аңшылық) әкімшілік хаттама толтырылды.