Бразилияда жасөспірім мектепте оқ жаудырып, екі қызметкер мерт болды

АСТАНА. KAZINFORM – Тапанша ұстаған 13 жастағы жасөспірім Бразилияның Рио-Бранко қаласындағы Сан-Жосе институтына басып кіріп, оқ жаудыра бастаған. Дәлізде кезекшілікте тұрған мектептің екі қызметкері оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды RTE100

В Бразилии подросток открыл стрельбу в школе и убил двух сотрудников
Фото: Instituto Sao Jose

Тағы екі адам, соның ішінде бір бала жарақат алды.

Үрейленген оқушылар қаша жөнеліп, кейбіреулері мектепті көршілес қонақүйден бөліп тұрған алты метрлік қабырғаға өрмелеуге тырысты. Қонақүй әкімшісі Эдуарду Родригес Кавалканти AFP агенттігіне тек бір адам секіріп, ішке жасырына алғанын айтты. Қалғандары мектеп шатырында қалды.

- Мен атыс дыбыстары мен қатты айқайды естідім, - деп қосты ол.

Белгілі болғандай, жасөспірім адвокат өгей әкесінің үйде сақтаған 380 калибрлі тапаншасын ұрлап әкеткен. Шабуылдан кейін ол әскери полицияға өз еркімен берілді, деп жазды бразилиялық Diario de Pernambuco агенттігі.

Шабуылдаушының осы мектепте оқитыны немесе оқығаны әзірге белгісіз. Полиция қылмыстық іс қозғап, себебін анықтап жатыр.

Штат билігі мен Рио-Бранко қалалық әкімшілігі құрбан болғандардың отбасыларына және мектеп қауымдастығына қайғырып көңіл айтты. Барлық мемлекеттік мектептерде сабақ үш күнге тоқтатылды, оқушылар мен мұғалімдер үшін психологиялық қолдау ұйымдастырылды.

Осыған дейін Түркияда мектепте болған атыстан 4 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алғанын хабарладық.

Ал АҚШ-та атыс салдарынан сегіз бала  мерт болды.