Иранға қарсы соғыстың шабуыл кезеңі аяқталды – АҚШ мемлекеттік хатшысы
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранға қарсы соғыстың шабуыл кезеңі аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Оның айтуынша, «Эпикалық ашу» операциясы деп аталған АҚШ пен Израильдің бастапқы шабуылдары қойылған мақсаттарға қол жеткізгеннен кейін аяқталған.
– Біз бейбіт жолды қалаймыз. Президент Дональд Трамп келісім жасауды жөн көреді, – деді ол журналистерге.
Рубионың бұл мәлімдемесі Ормуз бұғазы аймағындағы бірқатар шабуылдардан кейін жасалды. Бұл жағдай АҚШ пен Иран арасындағы бітімнің бұзылу қаупін күшейтті. АҚШ Парсы шығанағынан осы маңызды су жолы арқылы шығуға тырысып жатқан кемелерге көмек көрсетуге ниетті екенін мәлімдеді.
Тегеран әзірге Рубионың сөздеріне түсініктеме берген жоқ. Алайда бұған дейін Иран парламентінің спикері Мохаммед Галибаф «қазіргі жағдайдың сақталуы АҚШ үшін қолайсыз екенін жақсы түсінеміз, бұл тек бастамасы ғана» деп мәлімдеген.
Өткен айда АҚШ-пен өткен келіссөздерде Иранның бас келіссөз жүргізушісі болған Галибаф теңіздегі қауіпсіздікке қауіп төнгенін атап өтті.
– Кеме қатынасы мен энергия тасымалының транзиті атысты тоқтату режимінің бұзылуы мен АҚШ және оның одақтастарының блокадасына байланысты қауіпке ұшырады. Алайда олардың әрекеттері нәтиже бермейді, – деді ол.
Сейсенбі күні кешке Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) дерегінше, тексерілген ақпарат көзіне сүйенсек, Ормуз бұғазында жүк кемесіне «белгісіз снаряд» тиген. Қосымша мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері екі күн қатарынан Иранның зымырандары мен дрондарын әуе қорғанысы жүйелерімен тойтарып жатқанын хабарлаған. Дүйсенбі күні Әмірліктер Иранды Фуджейра әмірлігіндегі мұнай портына соққы жасады деп айыптап, оны «қауіпті шиеленісу» деп атаған.
Ал Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып, егер мұндай әрекеттер жасалса, оны ашық мәлімдейтінін айтты.
«Эпикалық ашу» операциясы 28 ақпанда басталған. Сол күні АҚШ пен Израиль Иранға бірқатар әуе соққыларын жасаған. Бұған жауап ретінде Тегеран әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20%-ы өтетін маңызды су жолын – Ормуз бұғазын бұғаттаған.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Ормуз бұғазындағы шабуылдарға байланысты Иранмен атысты тоқтату туралы келісімді күшінде қалдырғанын жаздық.
Сондай-ақ АҚШ Иранның бірнеше катерін жойғанын растады.