Трамп «Жұлдыздар соғысындағы» кейіпкер бейнесінде: Ақ үйдің жазбасы сынға ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп «Жұлдыздар соғысы күніне» орай өзін мандалорец бейнесінде көрсеткен жазба жариялап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды BILD.

sd
Фото: BILD

Ақ үй 4 мамыр күні жасанды интеллект көмегімен жасалған суретті жариялады. Онда президент АҚШ туымен және Грогу («Бэби Йода») кейіпкерімен бірге Мандалорец образында бейнеленген. Жазбада әйгілі тіркес те келтірілген – «This is the way. May the 4th be with you».

Алайда бұл жарияланым оң пікірден гөрі сын мен мысқылға көбірек ұшырады. Қолданушылар суреттегі АҚШ туының дұрыс бейнеленбегеніне назар аударды, онда 13 жолақтың орнына 11 ғана көрсетілген.

Сонымен қатар «Жұлдыздар соғысы» жанкүйерлері мандалорецтер дәстүріне қайшы келетін жайтты атап өтті, бұл кейіпкерлер әдетте дулығасын шешпейді.

Жұлдыздар соғысы әлеміндегі мандалорецтер – қатаң кодексі, әскери шеберлігі және ерекше сауыт-сайманымен танымал жауынгерлер. Олардың ұраны – «This is the way» («Бұл – жол»).

Пост саяси тұрғыда да сынға ұшырады. Кейбір қолданушылар поп-мәдениет символдарын мемлекеттік деңгейде қолдануды орынсыз деп бағаласа, енді бірі оны «дистопиялық реңк» береді деп сынға алды.

Айта кетейік, бұған дейін де Ақ үй әлеуметтік желілерде жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелерді жариялап келген.

Еске салайық, бұған дейін Трамптың гольф-курортында 6 метрлік «алтын» мүсіні орнатылғаны хабарланды.