Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 59 доллардан төмен түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні Brent маркалы мұнайдың бір баррель бағасы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Сәрсенбі күні әлемдік мұнай бағасы төмендеді. Brent маркалы мұнайдың бағасы 2021 жылғы 4 ақпаннан бері алғаш рет бір баррель үшін 59 доллардан төмен түсті.
Еске сала кетейік, Мәжілісте өткен брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұнай бағасы құлдыраған жағдайда Үкіметтің үш түрлі сценарийі бар екенін мәлімдеді.
— Бізде үш сценарий бар. Қазіргі таңда біз баррель үшін 60 доллар бағасы кезіндегі пессимистік сценарийге жақынбыз. Қай бюджет шығындарын қысқартатынымызды, ал қайсысын еш жағдайда қысқартпайтынымызды нақты білеміз, — деді вице-премьер.
Бұған дейін хабарланғандай, мұнай бағасының төмендеуі Трамп енгізген жаңа баж салығы мен ОПЕК+ шешімдерінің аясында орын алып отыр. Артық ұсыныс қаупі мен сауда шиеленісінің күшеюі мұнай бағасына қосымша қысым түсіріп жатыр.
Айта кетелік 7 сәуірдегі жағдай бойынша бір апта ішінде (31 наурыз бен 7 сәуір аралығында) 14,1%-ға төмендеп, барреліне $65-тен төмен түсті. Валюта индексі бір апта ішінде 1,8%-ға әлсіреді. Осы жағдайға байланысты Ұлттық банк валюта нарығы неге құбылып тұрғанын түсіндірген еді.