Brent мұнайының бағасы 11 мамырдан бері алғаш рет 99 доллардан төмен түсті

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісімге байланысты әлемдік мұнай бағасы күрт төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

БАҚ: Иран мұнай қоймалары толып кетпеуі үшін өндірісті қысқарта бастады
Фото: Reuters

25 мамыр күні таңертең Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың шілде айына арналған фьючерстері 4,87%-ға арзандап, барреліне 98,49 доллар болды. Осылайша Brent бағасы екі аптадан астам уақыттан бері алғаш рет 99 долларлық межеден төмен түсті.

WTI маркалы мұнай да айтарлықтай арзандады. Сауда барысында оның құны барреліне 92,05 доллар деңгейінде қалыптасты.

Ал Urals мұнайының бағасы 21 мамырдағы жағдай бойынша барреліне 101,30 доллар болған.

Сарапшылар бағаның төмендеуін АҚШ мемлекеттік хатшысының Иранмен келіссөздерде «айтарлықтай ілгерілеу бар» деген мәлімдемесімен байланыстырып отыр.

Нарық қатысушылары Вашингтон мен Тегеран арасында уақытша келісім жасалуы мүмкін деп күтіп отыр. Мұндай келісім Ормуз бұғазының ашылуына жол ашуы ықтимал. Бұл — әлемдік мұнай тасымалындағы негізгі бағыттардың бірі.

Бұған дейін Вашингтон мен Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта ашуды көздейтін мәміле бойынша ортақ келісімге келгені туралы жаздық.