Біреумен сайысуды емес, ел дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күресуді мақсат етеміз — Рауан Кенжеханұлы

АСТАНА. KAZINFORM — «Әділет» партиясының құрылтай съезінен кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына партияны құруға бастамашы топтың уәкілетті өкілі Рауан Кенжеханұлы жауап берді.

Біреумен сайысуды емес, ел дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күресуді мақсат етеміз — Рауан Кенжеханұлы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Спикердің айтуынша, «Әділет» партиясы — жаңа заманның партиясы.

— «Әділет» партиясы әділет қағидасы мен әділет құндылығын негізгі ұстаным етіп отыр. Бұған дейінгі тарихта әділеттілік мәселесі жеткілікті деңгейде көтерілмеген. Енді соның уақыты келді деп есептейміз. Біз өткенге сын айтпаймыз, әр кезеңнің өз міндеті мен басымдығы болды. Бір кезеңде тұрақтылық пен бірлік маңызды болса, бүгінгі күннің талабы — әділеттілік, — деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы жаңа партия идеясымен үндес.

— Жаңа Конституцияны талқылау және оны әзірлеу үдерісіне де қатыстық. Сол кезде «әділеттілік» идеясы бізге өте жақын болды. Біздің мақсатымыз — әділеттілікті тек ұран емес, әр азаматтың өмірінде нақты сезілетін қағидаға айналдыру. Әділетсіздікпен күресу — партияның негізгі бағыты, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол жаңа партияның басқа саяси партиялардан айырмашылығы мен бәсекелестігі туралы пікір білдірді.

— Саяси додаға келгеннен кейін кез келген партия заң аясындағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, бәсекеге түседі. Әрбір саяси күш көрінуге, қолдау жинауға тырысады. Біз біреумен сайысуды мақсат етпейміз, біз еліміздің дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күрескіміз келеді. Адамдарға немесе басқа саяси партияларға қарсы емеспіз. Түптеп келгенде бәріміз бір елдің азаматымыз, сондықтан елдің дамуы жолында бәсекелесуіміз керек, — деді ол.

Съезд алдында мыңға жуық адам қатысқан жиын өткізілген. Онда түрлі өңірлер мен салалардан келген мамандар өз пікірлерін білдірген екен.

— Әр өңірден, әр кәсіпорыннан мамандар келді. Біз еңбек адамдарының пікірін тыңдап, әділет пен әділеттіліктің маңызы туралы сұрастырдық. Біз ешкімге оппозиция емеспіз, жау іздемейміз. Біздің алдымызда үлкен ортақ міндеттер бар, — деді партия өкілі.

Айта кетейік, «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі Ренат Бектұровта өз ойын білдірді.