Бірыңғай Kazakhstan.travel порталы қашан іске қосылады


АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың аяғында AI-ассистенті бар бірыңғай Kazakhstan.travel порталы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Бірыңғай Kazakhstan.travel порталы қашан іске қосылады
Фото: Скрин

— Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі — цифрландыру және бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру. «eQonaq» — туристік ағындарды есепке алу және мониторинг жүргізуге арналған ақпараттық жүйе. Бүгінгі таңда жүйеде 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, — деді Е. Мырзабосынов.

Сонымен қатар ол туристік ақпараттық ресурстарды AI-ассистенті бар бірыңғай Kazakhstan.travel порталына біріктіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

— Портал 8 тілде қолжетімді болып, іс-шаралар күнтізбесін, туристік жарияланымдарды, фотобанкті, еліміздің туристік нысандары бойынша 3D-турларды қамтиды. Порталды іске қосу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған, — деді министр.

Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.