Туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм саласының ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейінде. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
Коллаж: Kazinform

— Бүгінде салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті. Шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады. Саланың ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейінде, — деді Е. Мырзабосынов.

Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту мақсатында наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізіліп жатыр. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

— Визит-орталық ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды құру мен жұмыс істеудің негізгі талаптары айқындалды. Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілетін болады. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге тегін кіру енгізілді. Бұл шара ішкі туризм мен экологиялық демалыстың қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деді министр.

Бұған дейін Имантау-Шалқар туризм аймағына сұраныс артып келе жатқанын жазған едік.